
23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында «Әділет» партиясының сайлауалды штабы Талғар ауданындағы «Алматы жолдары» ЖШС қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Сайлау науқаны аясында штаб мүшелері еңбек ұжымына партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ақпарат берді. Сонымен қатар жол саласының қазіргі жағдайы, өндірістік қауіпсіздік, мамандардың еңбек жағдайы және кәсіпорын қызметкерлерін толғандырған мәселелер талқыланды.
«Бұл кездесудің мақсаты – еңбек ұжымына партия бағдарламасының негізгі бағыттары туралы ақпарат беру және сала мамандарының пікірін тыңдау. Жол саласында еңбек ететін қызметкерлер бұл бағыттағы нақты жағдайды жақсы біледі. Сондықтан олардың ұсыныстары мен көтерген мәселелері біз үшін маңызды», – деді сайлауалды штаб мүшесі Серік Дүмшібаев.
Кездесу барысында кәсіпорын қызметкерлері жол салу және жөндеу жұмыстары кезінде кездесетін мәселелерді ортаға салды. Сондай-ақ техникалық жарақтандыру, еңбек қауіпсіздігі, мамандарды даярлау және жұмыс процесін тиімді ұйымдастыру жөнінде пікір алмасты.
Штаб мүшелері қызметкерлердің сауалдарына жауап беріп, сайлау барысы туралы түсіндірді. Жүздесу ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.


