ӨМІР ЖОЛЫ КӨПКЕ ҮЛГІ

ӨМІР ЖОЛЫ КӨПКЕ ҮЛГІ

Жуырда ауданымызға қарасты Талды бұлақ ауылындағы №34 мектепгимназиясында «Өмір іздері» атты тақырыпта Социалистік Еңбек Ері, «Ленин» орденінің иегері, отыз жылға жуық Мичурин атындағы колхозды басқарған білікті басшы Қапиза Əбдіғұловтың өміріне арналған кездесу кеші өткен болатын. Кешті мектептің тарих пəнінің мұғалімі Нағима Қожабекова ұйымдастырып, оқушылармен кездесуге Қапиза атамыздың балалары мен туыстарын, замандастарын, ауыл азаматтарын арнайы шақырды. Нағима Ұлтанбекқызы жиылған қауымды алдымен Қапиза Əбдіғұловтың өмір жолымен таныстырды. Қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген Қапиза атамыз мектепті бітірген соң алғашқы еңбек жолын «Бірлік» колхозында жұмысшы болып бастапты. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізді неміс фашистерінен қорғап, қанды қырғыннан аман-есен елге оралыпты. Елге оралған бойда қайта колхоз тірлігіне араласып, тынымды еңбегі мен өз ісіне деген сүйіспеншігінің арқасында колхоз бастығы қызметіне дейін көтерілген. Сол колхозды Қапиза атамыз отыз жыл бойы басқарыпты. Сол жылдары колхоз мал өсіруде, егін, көкөніс өсіруде жоғарғы көрсеткіштерге ие болған екен. Осындай ерен еңбегі үшін Қапиза Əбдіғұлов көптеген марапаттарға ие болған. Жоғарыда айтып кеткеніміздей Социалистік Еңбек Ері атағынан бастап, «Ленин»
ордені, «Орақ пен Балға» алтын медалі, «Октябрь ревалюциясы», «Еңбек Қызыл ту» ордендерімен, «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озаты» атағымен жəне басқа да түрлі марапаттарға ие болыпты. Кезекпе кезек ортаға шығып сөз алған Қапиза атамызбен бірге еңбек етіп, колхоздың бас агрономы болған Агали Хайроев пен атамыздың туысы Тұрсынхан Мушалиева, Бағлан Əбдіғұловалар ұлт рухын асқақтатқан Қапиза Əбдіғұловтың еңбекқорлығы мен өз ісіне адалдығы, ел басқарудағы біліктілігін, отбасындағы ардақтылығын еске алып, естеліктерімен бөлісті. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Рая Медетқызы да игілікті шара аясында өз ойын ортаға салып, жас ұрпақ тəрбиесіне өзіндік үлес қосып жүрген Нағима Ұлтанбекқызын «Алғыс хатымен» марапаттады. Сахна төріне қойылған проектр арқылы 1942
жылдағы «Қызыт Ту-3» колхозының тыныстіршілігі бейнеленген көркем фильм көрсетілді. Қапиза атамыздың фотоларынан слайдтар ұсынылды. №34 мектепгимназиясының ұлағатты ұстаздары əсем əндерін тамылжыта шырқап берсе, жоғары сынып оқушылары өлең жолдарын арнап, кішкентай бүлдіршіндер мың бұралған билерін тарту етіп, кездесу кешінің шырайын аша түсті. Бүгінде еңбек ерінің атымен аталатын бұл білім ордасындағы игілікті шараны мектеп-гимназиясының директоры Зəмзагүл Марипова қорытындылап, кешті ұйымдастырушылар мен мектеп оқушыларына, келген қонақтарға алғысын білдіріп, кезінде осы білім ордасының бой көтеріп, балалардың білім алуына мүмкіндік жасаған Қапиза Əбдіғұловтың өмір жолы көпке үлгі екенін тілге тиек етті.

Перизат НҰРҚАЕВА

«Талғар-ақпарат»