ЖАТ АҒЫМНЫҢ ҚАУПІНЕН САҚ БОЛАЙЫҚ

ЖАТ АҒЫМНЫҢ  ҚАУПІНЕН САҚ  БОЛАЙЫҚ

Жуырда Кеңдала ауылындағы №42 жалпы білім беретін орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен «Жат ағым, жат қылықтан сақтанайық!» атты тақырыпта кездесу болып өтті. Маңызды жиынға Алматы облысы дін істері басқармасының дін саласындағы мəселелерді зерттеу орталығының дінтанушы эксперт маманы Мирас Қонысбекұлы, ақын, дін саласының маманы Кəмнұр Тəлімұлы жəне ауданымыздың дін істері жөніндегі инспекторы Ескермес Төребаев қатысты.

Алғашқы болып сөз алған К.Тəлімұлы хақ дініміз исламның құндылықтары жайында ой өрбітіп, дін мен дəстүр сабақтастығын кеңінен қамтып өтті. Ата-бабаларымыз ұстанып келген асыл дініміздің рухани құндылықтарына негізделген, шариғатқа еш қайшы келмейтін ұлттық үрдісімізден, салтдəстүрімізден айнымай, керісінше, қадірлей білуге үндеді. Діннің негізгі қағидаларын білместен өзге елдің өмір салтына, киім үлгісіне еліктеп, өз ұлтының рухани бастауынан жерінудің өзі адасушылыққа апаратынын, деструктивті көзқарас қалыптасатынын ескертті. Дінтанушы М.Қонысбекұлы облыс аумағындағы діни ахуалға тоқтала келіп, хрестьян бағытындағы діни ағымдар мен секталар жəне олардан келетін қауіп-қатер жайында жан-жақты түсіндіріп берді. Мəселен, əлемнің 35 мемлекетінде тыйым салынған, былтырғы жылы көрші Ресей мемлекетінде де жұмысы тоқтатылған «Иегова куəгерлері» діни бірлестігінің қатарында өзіміздің қаракөздеріміздің көптеп саналатынын алға тартты. Теріс ағымның жетегінде көбінесе жастар, жан-дүниесі күйзеліп жүрген жандар кететіні белгілі. Қауіп-қатердің алдын алу маңыздылығына айрықша тоқталған дін маманы жастарды саламатты да салауатты болуға шақырды. Жиналған жастардың назарына «Жұмақтың кілтін жат елден іздеген жамағат» деген деректі фильм ұсынылды. Адасып от басқан жас жігіттің ащы өмір шындығын баяндаған фильмнен жиналғандар ерекше əсер алып, маңызды мағлұматтарға қанықты.


Бүгінде адамның ой-санасына əсер ететін ақпарат тасқыны ғаламтор кеңістігі арқылы ағылып келіп жатқаны белгілі. Экстремистік идеяларды нəсихаттайтын сайттардың қолжетімділігі де арам пиғылды топтарға тиімді болып отыр. Сондықтан да жастар дін мəселесіне қатысты сауалдарға жауапты қауіпті сайттар мен кездейсоқ жандардан емес мешіт имамдарынан немесе ҚМДБның ресми сайттарынан алу керектігі баса айтылды Кездесу соңында оқушылар дін тақырыбына қатысты өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, мамандар тарапынан жауаптар алды.

Райхан АЗИМОВА

«Талғар-ақпарат»