Қолда бар құндылықтарды ескере отырып тəуелсіздігімізді сақтап қалу – жастарға айтар аға буынның аманаты. Тарихи публицистика жанрында жазылған, қазақ жəне орыс тілдерінде басылған «Тəуелсіздік дəуірі» атты кітабында да Елбасы бүгінгі ұрпаққа айтар ойын осы бағытта өрбітіпті. «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады» деп бастаған жаңа туындыда егемен мемлекеттің негізі қаланған күннен бастап оның қалыптасу кезеңдерінің ерекшеліктері мен 26 жылдық тəуелсіздікте қабылданған шешімдердің мəн-мазмұны егжейтегжейлі баяндалады. Кітапта əр бөлімнің өзі бірнеше бөліктерге бөлінген. Олардың да атауларына зор мəн беріліп, жаңа тарихымыз бен қазақстандық құндылықтардың дəуірлік оқиғалары нақты əрі дəл суреттелген.
Игі істің басы-қасында жүретін талғарлық жастар Елбасы кітабын жастар арасында насихаттау жұмысын бастап та кетті. Экономикалық колледжде аудан жастарының басын қосып, аудандық кітапхана директоры М.Хармысовтың қатысуымен дөңгелек үстел өткізді. Жастарға тəрбие ретінде таптырмас дүние екенін жеткізген кітапхана басшысы жаңа туындының маңыздылығын да түсіндіре кетті. Жиынға қатысқан «Жасыл ел» ЖЕЖ АОФ-ның директоры М.Молдағалиев, «Алматы облысының жастар ресурстық орталығы» КММ-нің «Аймақтармен жəне жастардың ҰЕҰ-мен жұмыс істеу» бөлімінің бас кеңесшісі Е.Қайролдаев, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Қалымбетовалар да сөз алып, «Адам тағдыры Отанымен тамырлас» деп түйіндеген Елбасының жігерлі сөзімен жастарға қуат берді. Жиынға жиналған жастар тағылымы мол туындының жан-жақтылығына мəн беріп, барлығы болашақ үшін екенін саналарымен түйсініп тарқасты.
Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА
«Талғар-ақпарат»