15 АҚПАН – КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ АУҒАНСТАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАН КҮНІ
1979-1989 жылдары Ауғанстан елі мен Кеңес Одағы мемлекетінің арасында болған он жылғы қанды қырғын бөтен елдің ішкі істеріне араласуынан туған басқыншылық соғыс болып тарих жылнамасында қалды. Сол соғысқа Талғар ауданынан 326 сарбаз қатысса, соның 11-і елге темір табытпен оралған екен.
Биыл Кеңес əскерлерінің Ауған елінен шығарылғанына 29 жыл толуына орай Талғар агробизнес жəне менеджмент колледжінің жиын залында Ауған соғысы ардагерлері бас қосқан салтанатты жиын болып өтті. Қазақстанның Гимні орындалып, майдан даласында шейіт болған боздақтарды 1 минут үнсіздікпен еске алған соң, жиын басталды. Омыраулары орден-медальдарға толы Ауған соғысы ардагерлері алдында алғашқы болып сөз кезегін алған Талғар қаласы Қорғаныс істері жөніндегі біріккен бөлімінің басшысы, подполковник Айдар Болатұлы Отан алдындағы борышын абыроймен орындап қайтқан соғыс ардагерлерін мерекелерімен құттықтап, Талғар ауданының қоғамдық жұмыстарына белсене араласып жүрген бір топ Ауған соғысы ардагерлеріне «Алғыс хатын» табыс етті. Өз кезегінде сөз алған «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серғазы Жұмаділов, Ауған соғысы ардагерлері Серік Жамбасбаев, Рашид Пірімбаев, аудандық «Ардагер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Александр Пристельчук жəне аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Қажымұқан Əлжановтар студенттер мен жастар алдында Ауған соғысы жайында естеліктер айтты. Салтанатты жиында «Алатау аясында» əн-би ансамблінің өнерпаздары Натхан Манай, Ғайса Рамазанов, Гүлина Дəлелхан, Жомарт Құлбарақов сынды жезтаңдай əншілер патриоттық əндерді тамылжыта орындап, кеш шырайын аша түсті. Өткен ғасырдың 70-80 жылдары Кеңес Одағы халықтарын зұлмат күнге тап келтірген, талай жас боздақтардың мерт болуына əкеліп соқтырған Ауған соғысының аяқталғанына 29 жыл толуына арналған кеш жас ұрпақтың есінде қалатындай мəнді де мағыналы болып өтті.
Тұрсынбек ЖАЛҒАСБАЕВ
«Талғар-ақпарат»