ЕЛ ҮШІН ТАРИХИ КҮН

ЕЛ ҮШІН ТАРИХИ КҮН

15 АҚПАН- КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ АУҒАНСТАН ЖЕРІНЕН ШЫҒАРЫЛҒАН КҮНІ

Соғыс — зұлымдық. Жазықсыз төгілген қан. Тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубәт жылдарымен орын алған зұлматтың бірі – Ауған соғысы. Ауғанстан жеріндегі соғыс тарих беттерінде өзіндік із қалдырды. 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шыққан күні.  10 жыл бойы байтақ елдің тыныштығын бұзып, бұл дүниеден бейхабар періштедей жаны пәк сәбилердің шырылын шыңырауға шым батырған Ауғанстандағы сұрапыл соғыстың   аяқталғанына  29 жыл болыпты. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев: «Күні кешеге дейін көпшілік қауым үшін белгісіз болып келген Ауған соғысының жылнамасы отандық жаңа тарихымыздың ең қаралы парақтарының бірі болып қала береді. Күш-жігері мен әл-қуаты мол, интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған және өз болашағына имандай сенген жас ұрпақ осынау үлкен саяси ойынның құрбандығына шалынды. Мыңдаған жас азамат жат елде жан тапсырып, мыңдаған қандастарымыз ұрыс даласынан жарақатпен оралды. Оқ пен оттың ортасынан аман-есен оралғандар үшін Ауғанстан мәңгілік жан жарасына айналды. Иә, өлгендер қайтіп келмейді, бірақ, соғыс жүрегіне өшпес жара салған азаматтарға құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз» – деген болатын өз сөзінде. Ауған соғысының табиғаты да тарихы да өзгеше. Ол уақытта 18 бен 20-ның арасындағы өрімдей жастар, бас-аяғы 22 мың қазақстандық өзге азаматтар мамыражай тіршілік етіп жатқан кезде бөтен елде өздерінің ел алдындағы борышын өтеді. Ауған соғысына КСРО құрамына 22 000 қазақстандық қатысты. 2 238 күнге созылған соғыста 924 қазақстандық мерт болып, 1015 жауынгер мүгедек болып қайтты. 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Ауған соғысында мерт болғандар мен ардагерлердің алдында қашанда бас иіп, олардың рухына тағзым ету бүгінгі ұрпақтың басты парызы.

15-ші ақпан күні Талғар жұртшылығы қаламыздағы «Жеңіс» саябағында орын тепкен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан жерлестеріміздің рухына тағзым етті. Игілікті шараға аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы, Талғар қаласының әкімі Жандос Әуелбаев, Талғар қаласынның Қорғаныс істер жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Болатұлы, Ауған соғысының ардагерлері, бірқатар бөлім басшылары мен жастар жиналды. Жиылған көпшілік алдында аудан әкімінің орынбасары Дәрменияр Қыдырбек-ұлы сөз алып, әскери антына адал болып, азаматтық борыштарын мүлтіксіз атқарып, ел тыныштығы үшін күрескен сарбаздардың ерлігіннің алдында басын иіп, жас ұрпақты Отансүйгіштікке, елін, жерін қорғауға шақырды. Содан соң Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлер мен Ауған соғысында шейіт болған жерлестерімізге арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды.
«Өтер жылдар, айлар тағы алыстап, тағдыр талай тауқыметін табыстар, өздеріңді жырлап өтер ұрпағың, Ауғандағы азап шеккен арыстар» — деп ақын жырлағандай, ерлік өлмейді, замандарға жалғаса береді.

Перизат НҰРҚАЕВА

«Талғар-ақпарат»