МҰҚАҒАЛИҒА АРНАЛҒАН КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

МҰҚАҒАЛИҒА АРНАЛҒАН КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Өстемір ауылындағы №14 орта мектепте ақынға арналған арнайы кабинет ашылды. Өлең-жыр десе өзегі талып, поэзия десе ілтипаты бөлек іңкəр жүректер қай жерде де табылары хақ. Құдіретті поэзияның қуатты күші өмірде кездесіп қалатын кедергілерден қалай өтудің жолын тауып бермесе де, жанына ұялаған мұң-қайғыдан арылтуға əсте жетеді. Сол шексіз құдіретті күшке Мұқағали лирикасы ие десек қателеспейміз. Поэзиямен «емделіп», өмірге қайта келгендей əсерге бөленгісі келетін жандар үшін таптырмас орынның өз жандарынан ашылғанына өстемірліктер дəн риза. Шараның басы ақынның туған күніне арнап мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен басталды. Ақынның өлеңдерін шабыттана оқып, өлеңіне жазылған əндерді тебірене шырқаған шəкірттер Мақатаев əлемінің шынайылығын айқындап берді.

Кабинеттің лентасын қиған аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі З.Қалымбетова мен №14 орта мектептің директоры К.Мұхаметжанова ақынның қазақ деп соққан жүрегінің лүпілі оның рухани кенішін ақтара алатын осындай ұрпағы барда жалғаса беретінін жеткізді. Ақынның əр жылы шығарылған жинақтары мен ақын жайлы қалам тербеген қаламгерлердің зерттеулері орналасқан кабинетте болашақта құнды жəдігерлер де қойылмақ. Өмір сырын таныпбілуге көмектесіп, оқыған сайын тереңіне тарта беретін ақынның сырлы құпиясымен жақыннан таныса алатынына оқушылар да қуанышты. Бұл кабинет – сұлулықтың, тазалықтың, қарапайымдылықтың символына айналары сөзсіз. «Шаң басқан архивтен емес» жарқыраған кабинеттен табылған ақиық ақынның мұрасы рухани жаңғырудың ажырамас бөлшегі бола білмек.

Меруерт ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

«Талғар-ақпарат»