1926 жылы Кеңес өкіметі діни мейрам деген сылтаумен халықтық дәрежеде тойлауға тыйым салынған Наурыз мейрамы араға 62 жыл салып қайта оралып, 1988 жылдан бері жыл сайын қуана күтіп алатын ерекше мерекелердің біріне айналды. Өткенге оралтып, салт-дәстүрімізді еске түсіріп, әдет-ғұрпымызды жандандыратын рухани құбылыс өткен жылдан бері жаңа форматпен аталып өтуде. Мемлекет басшысының «Наурызнама» бастамасымен он күн тойланып жатқан Ұлыстың ұлы күні Алматы қаласы Спорт басқармасына қарасты Спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінде де кең көлемде, ауқымды бағдарламамен өтті.
«Армысың, әз-Наурыз!» атты мерекелік шара «Наурызнама» онкүндігінің ұлттық спорт күніне арналды. Мерекеге сай безендірілген акт залының сахнасына киіз үйдің макеті қойылып, ағаштан жасалған қазақтың дөңгелек үстелі, қымыз құйылған шарасы, тостағаны мен ожауы жарасым тауып, жастардың «Бұл не? Мынау қалай жасалған?» деген сауалдарына жауап беріп тұрғандай сезілді. Бұл оқу ордасының ұлық мерекеге бей-жай қарамай, тыңғылықты дайындығының, ұшан-теңіз еңбегінің көрінісі десек болады.
- Амал мерекесінен басталып он күн тойланып жатқан Наурызды жастар санасына сіңіру, осындай қызықты да мазмұнды іс-шаралар арқылы мереке мазмұнын арттыру, насихатын кеңейту – басты мақсатымыз болды. Мереке жайлы айту бір бөлек те, оны көзбен көру мүлдем басқа. Ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуі осындайдан туындайды, — дейді іс-шараның басы-қасында ұйымдастырып жүрген басшының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Дәлелқызы.
Іс-шара Қызыр атаның батасымен, ақ жаулықты апалардың шашуымен ашылды. Мерекеге арнайы қонақ болып қатысқан аталмыш оқу орнының түлегі, суда жүзу бойынша Қазақстан тарихындағы тұңғыш олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин мен «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалының директоры Меруерт Мәулет наурыздың мән-мағынасын ашар пікірлерін білдіріп, игі тілектерін жолдады. Мерекелі кеш барысында оқу орнының өнерлі өрендері ән мен жырдан шашу шашты, салт-дәстүрді насихаттайтын қойылымдар қойды.
Ұлттық спорт күнімен дөп түскен мерекеде қазақтың ұлттық ойындары шараның маңызды бөлігінің бірі болды. Білім алушылар қол күрес, гір тасын көтеру, арқан тартудан бақ сынасып, көрермендердің сүйіспеншілігіне бөленді. Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжінің ұжымы ұлттық нақыш пен заманауи киім үлгісімен үйлестіре жасалған сән көрсетілімі «бәрекелді» дегізді. Салт-дәстүрдің сақшысындай болып жүрген ақ жаулықты апаларымыздың өнері кім-кімді болса да тәнті етті. Зейнет жасында жүрсе де қоғамдық іс-шарадан шет қалып көрмеген әжелеріміз попурри орындап, шашуларын шашып, ән-жырмен кеш көрігін қыздыра түсті.
- Жұмыр жердің киесін ұғынып, Көктің тынысын тыңдап, тіршіліктің тамырын басқан, тұрмыс-тіршіліктің мән-мағынасын ұғынған дана халқымыз әз-Наурызды айрықша салтанатпен қарсы алып, жаңару мен жасампаздықтың бастауы, ырыc пен берекенің арқауы деп бағалаған. Осынау ұлы күнде ырысымыз тасып, көңіліміз өсіп, бақ-берекеміз артсын! Наурыз мерекесі баршаңызға жаңа жетістіктер, молшылық пен татулық әкелсін. Жаңа жыл ел тыныш, туған жер аман болып, әр отбасында шат көңіл, бақыт және береке салтанат құрсын, — дейді Кәмила Сапархайыр
Мерекенің басты мәні де, сән де – наурыз көже. Кешке қатысқан барша жан ұлттық тағамдармен бірге қойылған наурыз көжеден дәм татып, бір-біріне ақжарма тілектерін жолдады. Танабаева Жамила Кемелбекқызы басқаратын оқу орны осылайша ұлттық дәстүр мен өнерді өз деңгейінде дәріптеп, ұлттық спорт арқылы мейрамның маңызын арттыра білді.
М.Бөлек