Аяз айтып келмейді. Қаһарлы қаңтардың бір апталық аязы барша жұртты әбден әбігерге салды. Қала халқы мен бірқатар ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтып отырған қаланың негізгі су қоймасына мұз қатып, бірнеше күн ауыз сусыз отырдық. Дегенмен, суға жауапты мекемелер мен әкімдіктердің тынымсыз тірлігінің арқасында құбырлар қалыпқа келіп, халыққа ауыз су дер кезінде берілген болатын. Бүгінде қала халқы таза ауыз сумен қаматамасыз етілді. Аудан мен қала басшылығына, «Су құбыры» мекемесінің қызметкерлерінің жұмысына тұрғындар өз бағасын берді.
Наташа Сидикова, Талғар қаласының Қарасай батыр көшесіндегі 16 үйдің тұрғыны:
-Табиғаттың қай кезде қандай мінез көрсететінін білмейміз ғой. Мына бірнеше күнгі аязда су құбырлары қатып, үйіміз ауыз сусыз қалды. Аудандық «Су құбыры» мекемесі мен қала әкімдігі күні-түні тынбай жұмыс жасап, құбырларды жылытып, қатқан мұздарын ерітіп, су берді. Сусыз отырған күндері күніне екі уақыт су таситын машиналармен су жеткізіп беріп отырды. Халық су тапшылығын көрмеді. Бүгінде суымыз жақсы ағып тұр. Мамандардың жұмысына разымыз. Алла барлығына денсаулық берсін!
Гүлмира Момынова, Қарасай батыр көшесінің тұрғыны:
— Жақындағы аязды күндерде қаламыздың бірнеше аудандарында су қатып ауыз су болмай қалды. Солардың қатарында біздің үйіміздің де суы қатып, үш күн сусыз отырдық. Аудан, қала әкімшілігі мен «Су құбыры» мекемесіне рахмет. Уақытылы су жеткізіп беріп отырды. Жер төлелер мен жер астындағы құбырларды қыздырып, қатып қалған суды ерітті. Бет қаритын аязға да қарамады. Күнді түнге жалғап, халықтың қамы үшін еңбек етті. Олардың тынымсыз тірлігін өз көзімізбен көріп, разы болдық. Тіпті, қаланың негізгі су қоймасында жігіттердің қалай жұмыс жасап жатқанынан да хабардар болып отырдық. Еңбектері жансын!
Сексен мыңнан аса тұрғыны бар Талғар қаласының «Мелиоратор», «Бозторғай», «Автобаза» ықшамаудандарындағы көпқабатты үйлердің барлығына дерлік су берілді. Құбырлары да қалыпқа келтіріліп, жұртшылық ризашылығын білдіруде.
Ендігі кезекте су құбырлары қатып қалған жер үйлердің тұрғындарына, атап айтқанда зейнет жасындағы қарттарға көмек беруде. Осындай қиын күндерде жұмысшыларға ыстық шайын беріп қолдау көрсеткен тұрғындар да бар. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді емес пе дана халқымыз. Аяздың да беті қайтып, жұртшылық та сабырға келді.
Перизат Нұрқаева
«Талғар-ақпарат»