Жаз мезгілі жақындағанда суға шомылу маусымы басталып, жағалауға баратын адамдар саны жиілейді. Бұл ретте су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, құтқарушылар тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырғанымен, қайғылы оқиғалардың болуы өзекті мәселеге айналып отыр. Бір ғана Талғар ауданының аумағында маусым ашылғалы үш адамның суға кету фактісі тіркелген. Яғни, осы жылдың 20-сәуір күні Жалғамыс ауылы, Саурық көшесінің бойында орналасқан су жинағыш тоғанда 12 жасар жасөспірім бала ойнап жүріп суға кетсе, 18-мамырда Талғар қаласы, Талғар өзені «Марал Сай» демалыс орнында ер адамның абайсызда суға құлап, өзенге ағып кету фактісі тіркелді. 27-мамырда Кеңдала ауылдық округі, Талғар өзенінен әйел адамның мәйіті табылып, оның суға кеткені анықталды. Суға шомылу маусымында адамдардың қаза болуының басты себебі – қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы. Сондықтан ауданның шомылу қаупі бар жерлерді біле жүріңіздер және суға шомылудағы басты ережелерді назарда ұстаңыздар. Сақтықта қорлық жоқ!
Әркім білуі тиіс
Ауданның шомылу қаупі бар аймақтары:
Үлкен Алматы каналы;
Бесағаш ауылында орналасқан «Тас-Құм» карьері;
Талғар өзені;
су қоймалардан: Саз Талғар 1,2,2а,3,4,5,6,7 және Көтентай 1,2, сонымен қатар Кеңдала ауылынан ағып өтетін 12,9 шақырымдағы Талғар ирригация каналдары жатқызылады.
Шомылуға тыйым салынатын жерлерге 26 тыйым салу белгісі орнатылды.
43 мектептің ата-аналар чатына WatssAP желісі арқылы жадынамалар мен бейнероликтер жолданды.
Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен және аудандық Жастар ресурстық орталығының еріктілерімен, «LIDER.KZ» еріктілер ұйымымен шомылуға тыйым салынған жерлерде 2024 жылдың мамыр айының басынан бастап әр аптаның демалыс күндері ТЖБ қызметкерлері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп 49 патрульдеу, рейдттік жұмыстарын жүргізді.
Талғар қаласындағы Рысқұлов көшесі мен Қонаев көшелерінің қиылысында ЛЭД экран арқылы судағы қауіпсіздік бойынша видеоролик жариялануда және Құлжа тас жолында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында көрнекі жерге баннер ілінген.
Талғар аудандық ТЖБ бөлімі