Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керек. Ал тіс –адам денсаулығының маңызды көрсеткіші. Ол тамақ жеу құралы ғана емес, дұрыс сөйлеу, жарқырап күлу үшін аса маңызды. Адам сұлулығы әдемі тістен басталады. Тәніміздің саулығы мен әдемі күлкіміздің қорғаушысы болған тіс дәрігерлерінің жұмысы асқан жауапкершілікті талап ететіні шындық.
Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаса керек. Ал тіс –адам денсаулығының маңызды көрсеткіші. Ол тамақ жеу құралы ғана емес, дұрыс сөйлеу, жарқырап күлу үшін аса маңызды. Әйел сұлулығы әдемі тістен басталады. Тәніміздің саулығы мен әдемі күлкіміздің қорғаушысы болған тіс дәрігерлерінің жұмысы асқан жауапкершілікті талап ететіні шындық. Жарты ғасырға жуық тіс емдеумен айналысып келе жатқан Боранбай Нукуев әдемілік пен саулыққа ұмтылған жандардың алғысын алып ықыласына бөленген тәжірибелі хирург. Ол – білікті дәрігер ғана емес, аудан экономикасының дамуына үлкен үлес қосып келе жатқан табысты кәсіпкер. Талғар қаласында екі бірдей тіс емханасы бар азамат өз ісін сонау 2000-шы жылдардың басында қолға алыпты. Тіс емдеудің қыр-сырын жақсы меңгерген ол Алматы қаласы Думан ықшам ауданынан үшінші стоматологиясын заманауи апараттармен жабдықтап, асыға күткен емделушілерін қабылдауға дайын. Кейіпкеріміз бұл кәсіппен тек жүйке жүйесі мықты, табанды әрі күйзеліске төзімді жан ғана айналыса алады дейді.
1951 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылында өмірге келген Боранбай Нукуев балалық шағын Кеген ауданының Тоғызбұлақ ауылында өткізеді. Сонда мектепті тәмамдап, үлкен өмірге қадам басады. Мектептен кейін үш жыл әскер қатарында болған азамат бірден Алматыдағы медицина институтына түседі. Оқуын аяқтаған жас маман Талғар ауданындағы облыстық тіс емханасына жұмысқа тұрады. 20 жылға жуық бір орында тапжылмай еңбек еткен білікті хирург Талғар қаласынан өзінің жеке тіс емханасын ашады. «Тәуекел етпей, мұратқа жетпейді» дегендей көп жылдық тәжірибесіне сенген ол осылай өз алдына жұмыс бастайды. 7-8 адамды жұмыспен қамтып, айналасына білікті мамандарды жинап, шәкірт баулиды. Ал бүгінгі таңда екі емханада 30 шақты адам нәпақасын тауып отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ұлдары Қайрат пен Талғат та әке жолын қуған білікті тіс мамандары. Тіпті келіні де осы салада жұмыс істейді. Кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған түрлі бағдарламалар арқылы төмен өсімді несие алып, кәсібін дөңгелетіп келген ол мемлекет тарапынан берілген мұндай мүмкіндік ел экономикасын дамытуға жасалған үлкен қадам дейді. Өткен жылы «Даму» бағдарламасы арқылы 7 пайыз өсіммен 170 миллион теңге алып, ескі құрылғыларды заман талабына сай жаңа техникалармен ауыстырды.
Б. Нукуевтің айтуынша, тіс еміне қажетті материалдар мен техникалар жыл сайын жаңаруда, бағасы да аспандап тұр. Олардың барлығы медицинасы дамыған Германия, Испания, Италия, Оңтүстік Корея, Жапония сынды елдерден келеді. Бүгінгі таңда бір тісті емдеу шамамен 18-25 мың теңге шамасында. Емдеу құны да сол шетелдің бағасы удай қымбат метериалдарына тәуелді. Адам денсаулығына зиянсыз, көпке шыдайтын сапалы материал пайдаланғыңыз келсе, бағасына да шыдау керек. Қанша сапалы десек те тек бір жылға ғана кепілдік беріледі. Тіс – қалпына келмейтін ағза. Сондықтан маңызды мүшеміздің саулығын бала кезден бастаған абзал. Бүгінгі таңда балалар арасында тіске құрт түсу, тіс жегісі, ұры тіс шығу стоматит, тістің қисық өсуі сынды мәселелер көбейіп кетті. Бала тісінің негізі ана құрсағында қаланады. Сондықтан жүкті ананың дұрыс тамақтануы аса маңызды. Жеміс-жидектер мен көкөністерді көп пайдаланған жөн. Экология, қант құрамы жоғары тағамдар мен қышқыл сусындар, кальцийдің жетіспеуі, сапасыз ауыз суы бала тісінің саулығына кері әсер етеді. Тіс саулығының маңызды кепілі – тазалық. Кола мен фанта баланың сүт тістерін жылдам ыдыратады, адам ағзасындағы ең қатты мүшесін мұндай ыдыратса, басқа ағзаға әсерін айту артық болар. Дұрыс шайналмаған тағамның зардабы көп. Толық шайналмаған ас асқазанға ауырлық тудырады, мұның арты қайғылы оқиғаға әкеп соғуы мүмкін. Тіс ауруының асқынуы асқазан, жүрек, бүйрек сияқты өзге ағза мүшелерін де зақымдайды. Сондықтан адамның денсаулығы ауыз қуысынан басталады деп бекер айтпаған.
Кейіпкеріміз үшін спорттың орны бөлек. 60 жасқа аяқ басқаннан кейін ғана айналыса бастаса да ауыз толтырып айтар жетістіктері жетерлік. Жас кезімде тұрмыс пен жұмыстың қамынан аса алмадым деген ол игіліктің ерте кеші жоқ екенін алға тартты. 5-6 жылдан бері Алматы марафонына қатысқан ол әр жарыстан жүлдесіз оралмайды. Осы жылы көктем айында 70 жастан жоғары қатысушылар арасында 2-орын иелеген. Тау жарысы, тау шаңғысынан да өз қатарының алдында. Жетпістен асса да күніне 12 сағат тапжылмай жұмыс істей алуының сыры да спорттың арқасы дейді дәрігер.
Зорагүл Әбдіқадір