Жуырда әлеуметтік желіде суға ағып бара жатқан баланы құтқарған жігіттің видеосы тарады. Өз басын қатерге тігіп, ағыны қатты өзеннен кішкентай баланы алып шыққан азаматтың жанкештілігі желі қолданушыларын сүйсінтті. Балақайды ажалдан аман алып қалған жүректі жігітке желі қолданушылары «Нағыз батыр жігіт, бейбіт күннің батыры деп осыны айт!» деп жазба қалдырып жатты. Балақайдың бағына жолыққан батырдың аты Серікжан Сембайұлы. Оқиға Талғар ауданы, Кеңдала ауылындағы Үлкен Алматы каналында орын алған. Бейбіт күннің батырын Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков арнайы қабылдады. «Баға жетпес адамгершілік қасиетіңіз үшін алғыс айтамын. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат және мол бақыт тілеймін, елімізде сіз сияқты қайырымды, жүректі жігіттер көп болсын!» – деді аудан әкімі. Сондай-ақ соңғы үлгідегі iPad смартфонын табыс етті.
Куәгерлердің сөзінше, балақай Үлкен Алматы каналының бойында ойнап жүріп, кенет аяғы тайып, суға құлаған. Өміріне қауіп төнген балаға Серікжан бірден көмекке ұмтылады. Суға секіріп түсіп, ағып бара жатқан баланы аман-есен жағаға шығарады. 28 жастағы Серікжан – Кеңдала ауылының тұрғыны. Ауыл шаруашылығымен айналысады.
Ал Алматы облысы Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов те Серікжан Сембайұлының ерлігін ескерусіз қалдырмады. Талғарлық жігітпен кездесіп алғыс хат пен естелік сыйлық табыстап, елжанды, намысшыл, қайырымды да қайсар азамат тәрбиелеген ата-анасына айырықша алғыс білдірді. Сондай-ақ өтен біреудің өмірін құтқару үшін өз басын қатерген тігу әркімнің қолынан келе бермейтін ерлік екенін айтқан Б. Әленов бейбіт күннің батырына амандық-саулық тіледі.
Талғар ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жылы аудан аумағында 3 адамның суға кетіп қайтыс болу жағдайы тіркелген. Нақтырақ айтсақ, 2024 жылы 20 сәуір күні Жалғамыс ауылы Саурық көшесінің бойында орналасқан су жинағыш тоғанға 12 жасар жасөспірім абайсызда құлап кетіп мерт болған. Ал екінші қайғылы оқиға 18 мамыр күні орын алған. «Марал Сай» демалыс аймағында демалып жүрген ер адам Талғар өзеніне ағып кеткен. 27 мамыр күні Талғар өзенінің Кеңдала ауылдық округіне қарасты бөлігінен әйел адамның мәйіті табылған.
Осы жылғы шомылу маусымы кезеңінде су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Талғар ауданы төтенше жағдайлар бөлімі көптеген іс-шаралар атқарды. Үлкен Алматы каналы, Бесағаш ауылында орналсқан «Тас-Құм» карьері, Талғар өзені, Саз Талғар 1,2,2а,3,4,5,6,7 және Көтентай 1,2, су қоймалары, сонымен қатар Кеңдала ауылына тиесілі 12,9 шақырымдағы Талғарирригация каналдарында қауіпті болса да шомылушылардың аяғы үзілмейді.
Аудан аумағындағы шомылуға тыйым салынған 26 орынға ауылдық округ әкімдіктері арнайы белгі орнатты. Сонымен қатар аудандық газетке «Судағы қауіпсіздік ережелері» тақырыбында мақалалар жариялады. Аудандық және ауылдық округ әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында, мектеп ата-аналарының WatssAP желісіндегі чаттарында «Судағы қауіпсіздік» тақырыбында жадынамалар мен видеороликтер таратылған. Аудандық және жергілікті полиция, ТЖБ қызметкерлері және аудандық Жастар ресурстық орталығының еріктілері, «LIDER.KZ» еріктілер ұйымы мамыр айының басынан бастап әр аптаның демалыс күндері шомылуға тыйым салынған жерлерде 49 патрульдеу, рейдттік жұмыстарын жүргізді. Талғар қаласы Рысқұлов көшесі мен Қонаев көшелерінің қиылысында ЛЭД экран арқылы судағы қауіпсізідік ережелерін сақтау туралы видеоролик жариялады және Құлжа тас жолында тілсіз жаудың қаупі туралы баннер ілінген.
Бүгінгі күнге полиция бөлімінің қызметкрелері тыйым салынған жерде шомылу бойынша ӘҚБПК-нің 364 бабы 1-тармағы бойынша 54-жеке тұлғаға әкімшілік құқық бұзушылық фактісі бойынша хаттама толтырды.
Төтенше жағдайлар министрлігі хабарына сүйенсек, 2024 жылы шомылу маусымы басталғалы еліміде 70 адам суға кеткен. Оның 30-ы бала. Атқарылған кешенді шаралардың арқасында жыл сайын суға батып қайтыс болғандар саны азайып келеді. Дей тұрғанмен, әр статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ескерер болсақ, соңғы 10 жылда 2 мыңнан астам адам суға кетіпті. Оның 701-і бала. 2024 жылдың 1 маусымынан бері 27 адам суға кеткен. Бұл жайлы Үкімет сағатында Төтенше жаңдайлар министрі Шыңғыс Әрінов айтқан еді. Адам өмірінен маңызды ештеңе жоқ. Айдың күннің аманында жақындарымыздан айырылып, қапыда қалмау үшін сақ болайық, ағайын!
Зорагүл Әбдіқадір