Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күнінде жергілікті журналистерді қабылдап, оларды кәсіби мерекесімен құттықтады. Тілшілердің аудан экономикасы мен қоғамдық өмірінің дамуына қосып жатқан үлестерін ерекше бағалап, жанкешті жұмыстарына толағай табыстар тіледі. Кездесу кезінде ауданның экономомикалық жағдайы, толғағы жеткен түйінді мәселелер, оларды шешу бағытында жүргізіліп жатқан нақты жұмыстар жайында жан-жақты айтып берді.
Осы жерде тоқталатын жайт, Таңат Есенкелдіұлы ардагер журналист Тұрсынбек Жалғасбаевтан бастап, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысындағы меншікті тілшісі Ұлбосын Исабек, өңірлік «Замандас» газетінің бас редакторы Гүлбарам Қуанышәлива, «Жетісу» телеарнасының тілшісі Құрманжан Қасымжанұлы, аудандық «Талғар» газетінің бұрынғы бас редакторы Райхан Әзімова, қазіргі бас редакторы Сәуле Құрмантаева мен осы газеттің тілшісі Зорагүл Әбдіқадір, облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің меншікті тілшілері Құтмағамбет Қонысбай мен Фатима Ержанова, Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының Талғар аудандық филиалының меңгерушісі, журналист Перизат Нұрқаеваға аудан әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйлығын табыстады.
«Жақсы сөз жан семіртеді» дейді дана халқымыз. Аудан басшысы арнайы кездесу өткізіп, әріптестеріміздің атына жылы лебізін білдіргеніне, олардың қоғам дамуындағы орны мен рөліне лайықты мән берілгеніне мерейіміз өсіп қалды. Өз кезегінде журналистер де аудан басшылығы, мемлекеттік мекемелер және кәсіпорындардың жетекшілері мен БАҚ қызметкерлері арасында өзара тиімді де нәтижелі қарым-қатынас орнатып, ел мүддесі жолында бірлесе әрекет ету бойынша ұсыныстарымызды білдірдік. Мемлекет басшысы, Үкімет, облыс әкімі алға қойған міндеттер мен тапсырмаларды насихаттау, олардың орындалуын ұйымдастыру тұрғысынан Президентіміздің «Оқитын ұлт» бастамасын қолдап, газет-журналдарға жазылуда жәрдем берудің де аса маңыздылығын атап көрсеттік.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ