Мемлекеттік қызмет – жауапкершілікті аса қажет ететін, жоғары деңгейдегі, ең сапалы қызметтің бірден-бір үлгісі. Сондықтан әрбір
қызметкердің бойында ұқыптылық, әділдік, адамгершілік, кәсіби білім мен жаңашылдық табылуы тиіс.
Талғар ауданында өз ісіне адал, білікті де тәжірибелі мемлекеттік қызметте көп жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі – аудандық терроризімге қарсы комиссияның хатшысы Нұрқанат Әшірбаев. Еліміздің болашағы болған жастарды жат ағымнан сақтандыру сынды жауапты міндет арқалаған азаматтың еңбегі ерен.
Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар екенін айтқан Н. Әшірбаев теріс діни ағымның ығына жығылған жастарымыздың аз емес екенін, жаһандану дәуірінде түрлі рухани қауіп-қатерлердің бар екенін жасырмады. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың санасын бөтен идеялардың ықпалынан қорғау, ақпараттық шабуылдарға қарсы идеологиялық иммунитетті қалыптастыру, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға көмектесу аса жауапты міндет екенін атап өтті. Сонымен қатар өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілігін дұрыс қалыптастыру, оны түрлі қауіп-қатерлерден қорғап, дәстүрлі дінімізге көшіру аса жауапты міндеті дейді.
Еңбек жолын ұлағатты ұстаз болып бастаған ол бала күнгі арманының жетегінде әскеи қызметкер болуға бел буған. Өмірінің 28 жылын абройлы әскери қызметке арнаған подполковник 2012 жылы зейнетке шығады. Сол жылы Іле ауданының әкімдігіне мемлекеттік қызметке келген Нұрқанат Әшірбаев 2020 жылы өзінің құтты қонысы болған Талғар ауданының әкімдігіне терроризімге қарсы комиссияның хатшысы болып тағайындалады. Осы жылы зейнетке шығатын ол саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнағанына сенімді. Әскери қызметте немесе мемлекеттік қызметте жүргенде болсын ешқашан әріптестерінің немесе қол астындағы қызметкерлерінің көңілін қалдырып , сағын сындырып көрмеген кейіпкеріміз басқалармен тіл табыса білу, пікіріне құлақ түре алу адамгершілік қасиеттен деп есептейді. Қолы қалт ете қалса, воллейбол ойнауды жаны сүйетін ол ауданымыздың ардагерлер камандасының белді мүшесі. Талайлаған доп додаларында ауданымыздың абыройын қорғаған команда әлі талай жарыстарда топ жарарына сенімді.
Өмірдің бір белесін бағындырған ағамыз қиындығы мен қызығы мол жастық шағы туралы да, сыр шертті. Кейіпкеріміздің айтуынша, қанаты қатып, бұғанасы бекімей жатып асқар тау әкесінен арылған боз бала «Білімдінің аты арып, тоны тозбайды» деген әке өсиетін жерге тастамай, Қазақ Ұлттық университетінде тарих мамандығы бойынша білім алған. Көбалалы отбасында өмірге келген ол биікке қанат сермеуді, тек алға ұмтылуды өмірдің өзі үйретті дейді. Ал мемлекеттік қызметкерлер үшін жауапкершілік пен табандылық кем болса болмайтын асыл қасиет екенін айта келіп: «Кәсіп таңдау – адам өміріндегі аса маңызды жұмыс. Зейнет жасына келсем де халқыма қызмет етуге әлі де қауқарлымын. Демалыс дегенді ұмытатын кезіміз де болады. Еңбек демалысы кезінде де жұмыс орнында жүремін. Өз жұмысымды сүйетінім соншалық, кабинетімде отырсам көңілім жай табады. Жалпы отбасында да, жұмыста да қатаң талап қоятын адаммын. Жауапкершілігі мол жастарды жоғары бағалаймын, олар – мемлекетті дамытатын қозғаушы күш. «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп Алаш арысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, халықпен жұмыс істеу үшін жағымды мінез-құлық керек, сондай-ақ адал және әділ болуы, өз жұмысына деген жауап-кершілігі, қоғам мен азаматтардың сеніміне ие болу айырықша талап етіледі. Нақтырақ айтқанда адамдар арасында мемлекеттік қызметкерлер туралы дұрыс пікір, оң көзқарас, сенімділік қалыптастыруымыз қажет. Жоғары этика мен кәсібилік әрбір мемлекеттік қызметкердің бойынан табылуы тиіс.
Мемлекеттік қызметші – қоғам мен билік арасындағы дәнекер. Бұқарамен байланыс орнатып, түрлі оқиғалармен бетпе-бет келетін жандардың жұмысы жеңіл емес. Жөн сұраған адамға жеңіл-желпі жауап беріп, дөрекі сөйлейтін қызметкерлер де жоқ емес. Өз басым жас кадрлардың моральдық бет-бейнесі мен этикасына айрықша назар аударамын. Себебі оның іскерлігі ғана емес, айналасындағыларға құрметі мен ізеті мемлеттік қызметкерлердің имиджін көрсетеді», – деді Н. Өксиханұлы.
Табандылық пен біліктілікті ту еткен кейіпкеріміз бұл асыл қасиетті ата-анасынан алғанын айтады. Жалпы егемен елімізге қызмет етемін деген әрбір азамат, оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, «мен бұл жерден не аламын?» «мен мемлекет болашағы үшін не істей аламын, қоғамға не бере аламын?» деген ойда болуы керек. дейді ол. Мемлекеттік қызметші жай қызметкер емес, ол – қоғам мен билік арасындағы алтын көпір, оның басты ұстанымы – өз қамы емес, елдің қамы, мемлекет мүддесі, өзі қызмет атқаратын мекемесінің абыройы болуы қажет. Ал біз тілге тиек етіп отырған кейіпкеріміз бойынан осындай асыл қасиет табылатын өз елінің нағыз патриоты деп айта аламыз. Осы орайда мемлекеттік қызметте жүрген барлық азаматтарды кәсіби мерекесімен құттықтап, мемлекет мүддесі мен ел игілігіне қызмет ете беріңіздер деп тілек білдіреміз!
Зорагүл Әбдіқадір