2024 жылдың 25 сәуір мен 4 мамыр аралығында Талғар ауданының аумақтық қорғаныс бригадасының бригада басқармасына, батальон басқармасына және аумақтық қорғаныс батальонының күзету ротасына тіркелген әскери міндеттілердің әскери жиыны өтуде. Әскери міндеттілер дегеніміз бұрын әскер қатарында болғанымен қазіргі таңда түрлі салада еңбек етіп жүрген азаматтар.
«Қазақстан Республикасының Қорғанысы жəне Қарулы Күштері туралы» және «Əскери қызмет жəне əскери қызметшілердің мəртебесі туралы» заңына сәйкес, облыс əкімдігі мен аумақтық қорғаныс бригадасын жұмылдыру дайындығы биыл Талғар ауданында жалғасын тапты. Әскери жиында Алматы облысы əкімдігінің қаулысы негізінде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің «99220 əскери бөлімі» Республикалық Мемлекеттік мекемесімен бірлесіп тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жүргізілуде. Жиын барысында əскери іс-шараларды өткізу көзделген. Алматы облысы Талғар ауданындағы аумақтық қорғаныс бригадасының басқармасына, батальон басқармасына жəне аумақтық қорғаныс бригадасы күзет ротасы батальонына тіркелген 92 әскери міндетті қатысуда. Олардың арасында запастағы 18 офицер, 16 сержант жəне 58 сарбаз бар.
Шараның әскери жиынның басты мақсаты – Алматы облысы Аумақтық қорғаныс бригадасына қарасты Талғар ауданындағы əскери міндеттілерді даярлау жəне қайта даярлау бойынша арнайы жоғары сапалы тактикалық оқу-жаттығу өткізу. Қандай да бір оқыс оқиғалар немесе төтенше жағдай орын алған кезде запастағы әскердің дайын болуын қамтамасыз ету.
Алматы облысы аумақтық қорғаныс бригадасы әскери мамыр айының 2-3 аралығында Еңбекшіқазақ ауданы Қаракемер аулындағы 6654 әскери бөліміне қарасты оқу-жаттығу полигонында «Күзет-2024» такикалық арнайы оқу жаттығу өткізеді. Осы жылдың қыркүйек айында бұл шара Жамбыл ауданында жалғасын табады. Алматы облысы аумақтық қорғаныс әскерлерінің 99220 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары, подполковник Берік Елікбаевтың айтуынша, Алматы облыстық қорғаныс басқармасының бригадасы жоспарына сәйкес жылына екі рет облысымызға қарасты аудандардағы әскери міндеттілер оқу-жаттығуын өткізеді. Мұндағы әскери міндеттілер жатын орын, ішер ас, әскери киіммен қамтамасыз етілген. Арнайы тактикалық оқу-жаттығудан тыс, арнайы міндеттелген практикалық сабақтар оқытылады. Сонымен қатар осы жолғы оқу-жаттығуда үш әскери міндетті ант қабылдайды. Жиын соңында өздерін жақсы жағынан көрсете алған әскери міндеттілерге Алғыс хаттар, мақтау қағаздары беріледі. Он күн ішінде әскери шен алатындар да бар. Алда келе жатқан Отан қорғаушылар күніне орай ел тыныштығын күзетіп жүрген барша ер азаматтарды шын жүректен құттықтаймыз. Анттарыңа адал болып, тәуелсіз еліміздің тұғырын биіктете беріңіздер!
Зорагүл Әбдіқадір