Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасын табуда.
Талғар ауданында «Киелі мекен» апталығы аясында аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындар мен ескерткіш аумақтарына тазалық, абаттандыру, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілді. 20 сәуір күні Талғар қаласындағы Абай көшесінің бойындағы жаңа саябаққа аудан тұрғындары, ардагерлер, волонтерлар мен оқушылары және мәслихат депутаттарының қатысуымен 3000 қайың көшеті отырғызылды. Аталған шараға қатысқан қала әкімі Б.Күрішбеков, аудан әкімі Т.Айдарбеков өлкемізді көркейтуге үлес қосып жатқан халыққа алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді. Тазалық шаралары ауданның барлық округтік ауылдарында да жалғасын тапты. Гүлдала ауылдық округі Жаңа Қуат ауылында 440 түп ағаш отырғызылды. Алматы облысы бойынша «Спорт және тазалық -денсаулық кепілі» және «Париж олимпиадасына 100 күн» атты тазалық эстафетасына орай Талғар паркінің аумағында ауданның спорт саласы мамандарының қатысуымен тазалық жұмыстары жүргізілді. Іс-шараның басты мақсаты – аудан тұрғындары арасында қоғамдық, мәдениет деңгейін арттыру арқылы республикалық деңгейдегі акцияға қолдау көрсету болып табылады. Талғарлықтар аталған эстафетаны Кеген ауданынан қабыл алып, Еңбекшіқазақ ауданына жолдады.
2023 жылы «Алматы жолдары «мекемесімен орташа жол жөндеу жұмыстары бойынша жасалған келісімшарттың негізінде Талғар қаласындағы Сейфуллин, Майқанова, Жансүгіров, Есенберлин, Шевченко, Байсейітова көшелерінің жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алдағы уақытта маршруттық тәсілмен қаладағы Мұратбаев, Қапшағай,
Омаров, Фабричная, Жуковский, Молдағұлова, Рахимова көшелерінің жолдары жөндеуден өтеді.Ал Еркін ауылындағы Қазыбек би, Төле би,
Әйтеке би көшелеріне асфальт төсеу үшін негіздемесін дайындау, тегістеу жұмыстары басталды.Сондай-ақ қаладағы Т.Рысқұлов атындағы саябаққа абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Қаламыздың көркейіп, жандана түсуіне үлес қосу – әрбір тұрғынның азаматтық борышы.Ендігі кезекте келер апта «Жасыл аймақ» акциясымен жалғасатын болады.
Сауле Құрмантаева