8 сәуір күні республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны баршамызға мәлім. 13 сәуірге дейін созылған «Таза өлке» деп аталатын бірінші аптада ауданның барлық елдімекендерінде көшелерді, аулаларды тазарту жұмыстары белсенді түрде жүрді.
Аудан әкімі Т.Айдарбековтің, Қайнар ауылдық округ әкімі Н.Ерікұлы және «Алтын диірмен» басшыларының қатысуымен Жалқамыс, Өстемір ауыл орталығындағы қоқыс үйінділері шығарылып, тазалық шаралары жүргізілді. Бұл науқанға Кеңдала, Панфилов, Бесағаш, Белбұлақ, Тұздыбастау ауылдық округтерінің тұрғындары да бей-жай қарамай, ерікті жастар, кәсіпкерлер, мемлекеттік мекемелер қолдарына күрек алып, көтеріңкі көңіл күймен тазалау жұмыстарына атсалысты. Ал Гүлдала ауылдық округіндегі Құрылысшы шағын ауданындағы 1,5 шақырым жолға қиыршық тас төселіп, тегістеу жұмыстары жүргізілді. Панфилов ауылында орналасқан кәсіпкерлік мекемелері де ауылды көркейту науқанына өз үлестерін қосуда. «Кахаров» ЖК бастамасымен 30 ақ қайың, 3 түп алма, 5 қарағай, 1 түп алмұрт, 500 түп ағаш отырғызылды.
«Мәдениет тазалықтан басталады» демекші, Қайнар ауылдық округі Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін» құрбандарына арналған ескерткіш аумағында тазарту жұмыстары жүргізілді.Тазалық акциясына округ әкімі Н.Ерікұлы, мәдениет бөлімінің басшысы Ф.Мамырбекқызы, музей жетекшісі М.Бақытжанұлы, этно-мәдени орталықтарының өкілдері қатысты. Аудандағы спорт мекемелері мен алаңдарына, балабақша,оқу орындары мен емдеу мекемелерінің, шағын және орта бизнес, сауда орталықтары, өнеркәсіп нысандарының аумақтарында тазарту жұмыстары қарқынды жүрді.
Бесағаш ауылы 45 мектеп-гимназиясы ұжымы «Таза Қазақстан» ақциясы аясында «Таза білім беру» ордасы іс-шарасын ұйымшылдықпен атқарды. Қоршаған ортаның тазалығына жұдырықтай жұмылып атсалысты. Әркім өзіне бөлінген аумақтарда тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. «Тазалық-табалдырықтан басталады» демекші, мектеп ауласын және Хамраев көшесінің тазалығына жалпы 66 мұғалім,12 кіші қызметкер қатысты. Ауыл шырайын көріктендіру, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарын жүйелі атқарып, республикалық сенбілікке белсене кірісті. Бұл іс-шара апта сайын ұйымдастырылып, жалғасын табады. «Сенбілікке қатысу – бірлік пен ынтымақтастық, еңбек пен салауатты өмір салтын насихаттау, табиғатты аялау, мол ізгілікке бастайтын құндылық. Аталған шараның мақсаты – тазалықты сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аударып, санитарлық жағдайды жақсарту. Ауылымыздың тазалығы сенбілік шараларымен шектеліп қалмауы керек. Әрбір азаматты туған өлкеміздің ажарлана түсуіне үлес қосуға шақырамыз», – дейді Бесағаш ауылы, 45мектеп-гимназия мұғалімі Н.Жүнісова 20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» аты берілді. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштер, кітапхана, аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Науқанның алғашқы күнінен бастапқы жеті күн ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалайды. Тұздыбастау ауылындағы мәдениет үйінің алаңында орналасқан Ж.Жабаев ескерткішіне, «Алаш арсыстарына тағзым» монументіне, Талғардағы Т.Рысқұлов, М.Бейсебаев, Б.Момышұлы ескерткіштеріне, Бесағаш, Қызыл Қайрат, Талдыбұлақ, Панфилов, Қарабұлақ, Гүлдала округтеріндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескертікштерге тазалау, абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімі акцияға белсенді қатысып жатқан халыққа ризашылығын білдіріп, Алатаудың баурайындағы тарихы терең, ортақ үйіміз Талғар ауданының тазалығын сақтауға , табиғат ананы қорғауға шақырды.
Сәуле Құрмантаева