Наурыз – жаңару, тазару, құрмет айы. Ал өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылға жақсы ниетпен басатын қадамның көрісу жоралғысымен басталуы орынды. Көрісу дәстүрі бір күнмен шектелетін мереке емес, 14 наурыздан басталған мейрам наурыз айы аяқталғанша жалғасады.
14 наурыз көрісу мерекесіне орай Талғар аудандық мәдениет үйінде «Амал келді – жыл келді!» атты салтанатты шара өтті. Аталған шараға аудан әкімі Таңат Айдарбеков, аудан әкімінің орынбасары Айбек Бидаев, мәдениет саласының қызметкерлері және қала жұртшылығы қатысты. Амал мерекесін тойлау үшін мәдениет үйіне жиылған қауымды өнерпаздар күмбірлеген күй, әсем әнмен қарсы алды. Араздасқандар достасып, кешірім сұрасты. Жиылған жұрт құшағын айқара ашып, бір-бірін жаңа жасымен құттықтады. Айтылған ізгі тілектер мен үлкендердің ақ батасы жаңа үміт пен жігер сыйлады. Қаздай тізілген жас келіндердің сәлеміне батасын берген үлкендер «Көп жасаңдар, бақытты болыңдар!» деп ықыласын білдіріп жатты.
«Айгүл» би ансамблінің мың бұралған биімен шымылдығын түрген шара Талғар театрының қойылымына ұласты. Жиылған жұртты көктем мерекесімен құттықтаған аудан әкімі Т. Айдарбеков: «Құрметті қауым, ақ жаулықты апалар, ақ сақалды аталар, сіздерді көктемнің тамаша мерекесі — Көрісу күнімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз келісімен Ұлы даламыз көркейіп, жаңғырып керемет кейіпке енеді. Халқымыз күз жауынымен сәнді, қыс қарымен әрлі» деп бекер айтпаған. Қазақ ерте көктемде қар көп болса келер жылда молшылық болады деп есептеген. Қысты артқа тастап, қаңқылдап қаздар келетін, жан біткен жаңғырып, жасанып жақсы бір күйге енетін көктемнің ғажап мерекесі баршаңызға бақыт сыйласын. Бұл мереке – халық қыстан аман-есен шығып, көктемнің шуақты күні бір-бірімен қуана қауышқан, ізгі ниет-тілегін жаудырған ежелгі мейрам. Бұл мерекенің мақсаты – өскелең ұрпаққа салт-дәстүрімізді, тілімізді, дінімізді, мирас етіп қалдыру. Ұлтымызды ұйыстыратын, халқымыздың берекесін еселеп, мерейін өсіретін ізгі мереке тұтас еліміз үшін ортақ мейрамға айналды десек, артық бола қоймас. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін осындай мерекеде еліміздің бірегейлігі айқындалып, бірлігі бекемделе түседі. Сондықтан ата-бабамыздан қалған мерекені тойлау бізге бұйырған бақыт. Қуанышымыз ұзағынан, берекеміз бекем, мерейіміз үстем бола берсін!», – деп атап өтті.
Аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы көпшілікке көңіл күй сыйлады. Жиналған жұрт арнайы жайылған дастарханға отырып наурыз-көжеден дәм татты. Ақ сақалды аталар батасын беріп, елімізге, жерімізге амандық пен бақ-береке тіледі. Сондай-ақ мәдениет қызметкерлеріне, шығармашылық табыс тілеп, Еліміз аман, жеріміз тыныш болуын тіледі.
Елімізде Әз-Наурыз мерекесі 10 күн тойланады. Ауданымызда мерекеге орай бірнеше шаралар ұйымдастырылмақ. Салтанатты кештердің легі «Амал келді – жыл келді!» тақырыбымен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, ел ежелден бұл күнді асыға күтеді, ал бірлік пен келісімге шақыратын мереке халқымыздың дәстүрлі жауапкершілігінің жарқын көрінісі. Бұл мереке – ұлттық идеология, ұлтты біріктіретін, бірлікке, татулыққа шақыратын игі дәстүрлер жиынтығы. Байлықтың кілті бірлікте болатын болса, сол бірліктің ұйытқысы – Амал мерекесі. Исі қазақтың бірлік туын асқақтата ұстап, бір-бірімен құшақтаса амандасып, мәңгілік бауырластыққа ұйыйтын күні. Жұртымыздың төбесіне қара бұлт төнбесін деп, жеріміздің шетін ата жауымыз баспасын деп бар қазақтың баласы тілеу тілейтін мезгіл. Тұрмыс-тіршілігін табиғат-анамен тығыз байланыстырған халқымыз Наурыздың Амал мерекесімен басталуын жақсы нышан, игі шараға балаған.
Зорагүл Әбдіқадір