Аудандық суретшілер байқауы өтті

Аудандық суретшілер байқауы өтті

Жуырда Талғар аудандық мәдениет үйінде Әбілхан Қастеевтың 120 жылдығына орай «Табиғат тамашалары қыл қалам тілінде» атты аудандық жастар мен жассөпірімдер арасындағы суретшілер байқауы өтті. Байқауда Талғар ауданындағы 12-24 жас аралығындағы суретшілер бақ сынады.

Қыл қаламмен салынған суреттерден тыс маржанмен, жіппен де өрнектелген туындылар сараланды. Суретшілердің жұмыстарын саралап, әділ бағасын берген Талғар ауданының мүсіншісі Батырхан Исаев: «Мұндай байқау жылда ұйымдастырылып тұрады. Өткен жылмен салыстырғанда осы жылы таңқалдырарлық суреттер көп. Мейлі қай жанрда, қандай тәсілмен сурет салсақ та ұлттық бояуымыздан ажырамауымыз керек. Бала күнімізде ұйқымыздан ояна салып қабырғаға қарағанда асқан шеберлікпен өрнектелген сырмақ, басқұр, желбау, текемет сынды тұрмыста пайдаланатын ұлттық бұйымдарымыздың өрнектері көзімізге түсетін. Сырлы сандыққа үңілсек те онда әдемі қошқар мүйіз бейнеленіп тұратын. Мұны көріп өскен баланың қолына қалам алып алғаш салған суреті де сол өрнекті салумен басталары хақ. Ал бүгінгі балаларға жаным ашиды. Олардың көретіні бір-бірінен аумайтын геометриялық фигуралар. Бала кезімізде қолымызға ілінген затпен қабырғаға санамызда сайрап тұрған бейнені салуға тырысатынбыз. Ішкі жандүниеңдегі құбылысты қолмен бейнелеудің өзі бір ғанибет. Ал бүгінгі балаларда мұндай еркіндік жоқ. Қабырғаға сурет салған бала бірден ата-анасының қатаң шектеуіне ұшырайды. Бала енді қайтып қолына бояу алып сурет салуға батылы бармай қалады. Көп шектеудің өзі жас буынның қанатын қырқумен пара-пар. Бүгінгі байқауға қатысқан суретшілердің туындысына қарап көңілім марқайып қалды. Болашағынан үлкен үміт күттіретін талант иелері аз емес екен», – деп атап өтті.
Байқауда жастар арасында бірінші орынға лайық деп танылған Жазира Ұлжанның суреті сұлу өнерді сүйетіндерді тәнті етті. Жіңішке жіппен өрнектеліп, түрлі маржандармен кестеленген туынды бар өнерді ұштастырып тұр дейді әділқазылар. Ауданымызда сурет өнері жақсы дамып бара жатқаны байқалады.Жасөспірімдер арасында бірінші орынға ие болған Кіші Байсерке ауылындағы №40 мектеп оқушысы Інжу Бахытжанқызының анасы: «Інжу бұрыннан сурет салумен әуестенетін. Бірақ аса назар аудармайтынбыз. Өткен жылдан бастап қарындашпен түрлі бейнелерді сала бастады. Осы жылдың ақпан айынан бастап сурет үйірмесіне барып, бояумен сурет салуды меңгеріп жатыр. Ұстазы оның өнерін аса жоғары бағалап, болашақта үлкен суретші шығады деп мақтапты. Бұл жолы жүлделі болады деп ойламадық. Балаларын бар байлығым деп білетін қазақпыз ғой. Қызымның кішкентай ғана марапаты отбасымызға үлкен қуаныш сыйлады. Кей ата-аналар балаларының бойындағы дарынын кеш байқап жатады. Біз де енді ғана қолға алдық. Інжудің алғаш қатысқан байқауынан бірінші орынға ие болғаны оған қанат бітіргендей болды. Мен де оның болашағын осы өнермен байланыстырғанын қалаймын. Әбілхан Қастеев атасы сияқты қазақтың танымал суретшісі болса деген арманымыз бар!» – деді ана.
Бұл жолғы байқау арқылы тың туындылар өмірге келіп, кіл мықтының ішінен кім мықты екені анықталды. Табиғаты таңғажайып Талғар топырағынан ертеңгі сурет өнерінің саңлақтары қаулап өсіп келе жатқаны көңіл қуантады.

Зорагүл Әбдіқадір