Мәслихат депутаттарының қызметін әлеуметтік желідегі маркетинг арқылы ілгерілету жұмыстары ширап келеді. Осы бағытта Алматы облысында арнайы семинар-тренинг өтті.
Депутаттар енді әлеуметтік желіде белсенді болады. Ғаламтор арқылы тұрғындардың шағымын тыңдап, кері байланыс жасайды. Осы арқылы халықты алаңдатқан мәселелерге жедел жауап береді. Қазір бұл міндетті толық орындау үшін Алматы облыстық мәслихат депутаттары арнайы білім алып жатыр.
Семинардың алғашқы күнінде контент жоспар құру, аудитория жинау, негативпен жұмыс істеу және жеке бренд қалыптастыру бойынша дәріс оқылды. Тәжірибелерімен бөлісті.
«Бұл семинар партия тарапынан ұйымдастырылып жатқан өте жақсы бастама. SMM арқылы жүзеге асырылатын жұмыстар азаматтармен кері байланысты жақсартудың тиімді тәсілі деп білемін. Депутат болғандықтан осы дүниелердің барлығы бізге қажет. Жұмысымызда қолданып, халыққа жақын, етене жақын жұмыс жасап, билік пен халықтың арасындағы алтын көпір болуға біз ат салысатын боламыз», – деді мәслихаттағы «AMANAT» фракциясының жетекшісі Қуат Байғоджаев.
Оқытуға қатысушылардың айтуынша, ақпараттық кеңістікте сайлаушылардың мүддесін білдірудің тиімділігін арттыру жұмысы әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды жүзеге асыру ісіне оң әсер етуі мүмкін.