Жуырда екі жыл бойы күрделі жөндеуге жабылған Талғар аудандық мәдениет үйінің «Жаңа жылға жаңа серпін» атты ашылу салтанаты өтті. Шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау, Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков, қоғамдық жұмысқа белсене атсалысып жүрген ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелері, этно-мәдени бірлестік төрағалары және аудан тұрғындары қатысты.
Ғасырға жуық тарихы бар өнер ошағының заман талабына сай жабдықталған шыт жаңа бейнесін тамашалаған аудан жұртшылығы оң бағасын беріп, осы міндетті атқарған жауапты басшылардың еңбегін жоғары бағалады. Мәдениет үйінің фоесінде қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арналған кітаптың тұсауын кесумен басталған шара үлкен залда көңілді концертке ұласты.
Талғар халқын жаңа жылдағы тың бастамасымен құттықтаған Н. Тау жұмыс сапарында дәл осындай жақсылықтың куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихы терең Талғар ауданының даму беталысын жоғары бағалаған депутат өңір халқын жарқын болашақ күтіп тұрғанына сенім білдірді. Ал аудан әкімі Т. Айдарбеков құттықтау сөзінде қоғам белсенділері елді руханиятқа бастайтын, халқымыздың дәстүрін, ұлттық құндылықтарын ұрпаққа аманаттайтын үлкен мұрат арқалаған тұлғалар екеніне, олар ауданымыздың даму жолында әлі де еңбек ете беретініне сенім білдірді. Күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне беріліп отырған мәдениет үйі ел ертеңі мен ұрпақ қамы үшін атқарылатын істерге ұйтқы боларына сенімді екенін жеткізді. Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары мен мәдениет үйінің өнерпаздары мерекелік шараны күймен көмкеріп, әнмен әрледі. Күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйінің ауыз толтырып айтуға татитын тұстары аз емес. Атап айтсақ, фоеге орналасқан үлкен лед экран мен сахна шағын іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Таяуда Білім бөлімі ұйымдастырған «Жыр алыбы – Жамбыл» атты аудандық оқушылар арасында ақындар айтысы өтті. Көпке қолжетімді, көркем сахнаны шабыттана жыр толғаған бала ақындар балғын жырларына арқау етті. Сонымен қатар мұнда Ұлттық құндылықтар үйірмесі, Айтыс, жыр-терме үйірмесі, ән салу, Қуыршақ театры үйірмесі, домбыра үйірмесі сынды тегін үйірмелер жұмыс істеп тұр. Ел руханиятыиен қатар бала болашағы үшін еңбек етіп жатқан мәдениет үйі қызметкерлерінің еңбегі ерен десек артық болмас. Білікті басшы Семейхан Даривхан бастаған ұжым облыстық, аудандық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, өңіріміз мәдениетінің өзгелермен салыстырғанда көш ілгері екенін көрсетуде. Жаңа жылда жаңарып, жаңғырып жатқан мәдениет үйі жеңісті, жемісті күндердің куәсі болады деген ниетіміз бар.
Зорагүл Әбдіқадір