Бұл жолғы есеп беру жиыны Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектептің акт залында өтті. Әдеттегідей жиынға барлық деңгейдегі басшылар мен ауыл тұрғындары жиналды.
Алдымен ауылдық округ əкімі Қуатбек Смағұлов жылдық есебін берді. Ауылдық округке қарасты барлық ауыл жұртшылығымен бұдан бұрын кездесіп есеп берген Қуатбек Нығметұлы жиылған көпшілікке ауылдың тыныс-тіршілігі туралы баяндай келе, өткен жылда атқарылған ауқымды істері мен əлі де еңсерілетін шаруалары туралы айтып берді. Содан соң, аудан əкімі Райхан Садықова мінберге көтеріліп, алатаулықтар алдында кезекті есебін берді. Барлық салаға жеке тоқталып, ауданның экономикалық жағдайы мен халықты əлеуметтік қорғау бағытында жүзеге асып жатқан оң істерді тілге тиек етті. Білім саласынан бастап, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, шағын жəне орта кəсіпкерлік, салық жинау көрсеткіштерінен бастап, бюджет қоржынына түскен қаражаттардың мақсатты жұмсалуын тізбектей жеткізді. Болашақтың еншісіне қойылған мəселелер тұрғысында да сөз қозғады. Аудан басшысының есебін тыңдап болған соң жарыссөзге кезек берілді.
Бірінші болып Əбдубакир Тұрғанов сөз алды. Ол Қызыл-Қайрат ауылына тиеселі мөлтекаудандардағы электр энергиясы бағасының қымбаттығын айтып, оқушылар көп жүретін «ТалғарАлматы» күре жолы бойына жаяу жүргіншілер өтетін белгі қоюды сұрады. Соған қоса, ауыз су мəселесін көтерді. Одан кейін Алмалық ауылының тұрғыны Бекжан Мединеев сөз алып, ауылдарды көгілдір отынға қосу мəселесін алға тартса, Береке ауылының тұрғыны Серік Отарбаев əкімдер есебіне өз бағасын берді. Зейнеткер-ұстаз Даша Қожабекова Қызыл-Қайрат ауылында халық санының өсіп келе жатқанын айта келіп, ауылға тағы бір мектеп керектігін, сонымен қатар ауылдық округке тиеселі бірнеше ауылға ортақ бір ғана №18 орта мектеп барын, оның өзінің де тозығы жеткенін алға тартып, жаңа мектеп салынса деген өтінішін білдірді. Ауылдағы ауыз су бағасының қымбаттығы мен мектептерді газға қосу мəселесін де көтерді. Ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жақсылық Ташкеев жиылған қауымға ауылдың тыныс-тіршілігі мен өткізіліп жатқан мерекелік, қайырымдылық шаралары туралы баяндай келе, басшылардың есебіне оң бағасын берді. Өз кезегінде сөз алған қоғамдық ұйымның директоры Дильнара Инфенова барлық деңгейдегі əкімдердің ел алдындағы есебінің куəсі болып жүргенін айта келе, аудан əкімі Райхан Нұрмырзақызының елмен етене араласып, ауданымыздың əлеуметтікэкономикалық дамуына бар күш-жігерін жұмсап жүргенін айтып, жұмысын жоғары бағаға лайық деп таныды. Жиын соңында ауылдың қадірменді ақсақалы Иса Өскенбай ауылдық амбулаторияға күрделі жөндеу жасалса деген тілегін білдіре келе, аудан əкімі мен ауыл əкімінің есебіне қанағаттанарлық бағасын берді. Есепті кездесу барысында көтерілген мəселелердің кейбіреуіне аудан əкімі Райхан Садықова қолма қол жауап беріп, кейбірін болашақтың еншісіне қойды.
Перизат НҰРҚАЕВА
«Талғар-ақпарат»