НҰРАДАҒЫ НАҚТЫ БАҒЫТ – «НҰРЛЫ ЖОЛ»

НҰРАДАҒЫ НАҚТЫ БАҒЫТ – «НҰРЛЫ ЖОЛ»

НƏТИЖЕ. САРАЛАУ. ЕСЕЛЕУ. Аудан əкімі Райхан Нұрмырзақызының ел алдындағы есепті жиындарында айтылған сандарға қарап осылай ой түйесің. Өткен жылы атқарылған жұмыстардың аз еместігі тұрғындардың талап-тілектерінің ескеріліп жатқандығын байқатады. Нұра ауылдық округінде өткен кезекті басқосуда осы жайға анық қанықтық. Ауыл тұрғындарының өтініштілектерінен гөрі əкімге айтқан алғыстары көп болды. Өткен жылдары айтылған мəселелердің бүгінде оң шешімін тауып отырғанына риза тұрғындар тек береке-бірлік пен ұйымшылдықтың ыдырамауын тіледі. Аудандық мəслихат хатшысы Ж.Еңкебайұлы ашып, жүргізген жиын алдымен округ басшысы А.Сейітовтың баяндамасымен басталды. Нұра, Туғанбай, Өстемір, Қаратоған ауылдарынан құралатын өңірдің уақытпен үндесе дамып отырғанын байқадық. Қай салада да ілгерілеушілік пен жетістік, нəтиже мен оң істер айқын аңғарылады. Əсіресе ауылшаруашылығындағы көрсеткіштер көңілге қонымды. Даланың қазағы қалаға қарағанда еселеп өніп алып, өзін де, өзгені де сүйсінтіп отырған жайы бар. Кезек аудан басшысы Р.Садықоваға келгенде алдыңғы баяндамадан алған əсер азайған жоқ. Аудандық көрсеткіштер де алдағы жылдармен салыстырғанда көш ілгері жəне ауқымды. Өндіріс көлемі ұлғайып, жұмыссыздық деңгейі азайып, əлеуметтік саланың алға басуы бұған дейінгі жиындарда айтылса да, тыңдар құлаққа жағымды цифрларды тыңдай бергің келеді. «Рухани жаңғыру» бойынша атқарылған шаралар да дос сүйсініп, дұшпан күйінетін деңгейде екен. Қылмыстың  ашылуына келгенде сəл кідірген əкім алдағы уақытта бұл қиындықтан шығып, күн тəртібіне қойылатын өзекті мəселе ретінде назарға алатынын ескерте кетті. Жарыссөзге шыққан тұрғындардың ішінен Туғанбай ауылының ақсақалы Б.Смайылов бос жатқан жерлер пайдалануға берілсе, суға субсидия бөлу жолы жүйеленсе, су бөгеттерін оңалту жұмыстары жүргізілсе деген тілегін жеткізді. Тұрғын сауалына жауап берген аудан басшысы жер мəселесі үнемі назарында екендігін, кезінде жекеменшік қолына өткен жерлердің иелерін тауып, сөйлесіп жатқандарын, бұған көп уақыттың қажет екендігін алға тартты. Субсидияға байланысты құжат өткізудегі қордаланған мəселе бойынша жауапты сала басшыларына сол жерде тапсырма берді. Балабақшаның да заң жүзінде мемлекет меншігіне өтудегі жұмыстар өз ізімен жүріп жатқанын да жеткізе кетті. Бөгеттерді жөндеу, көшелерді жарықтандыру туралы сауалдарға да тұщымды жауап қайтарды. Осы кезге дейін атқарылған істерге оң бағасын берген Ш.Жарылкасинов болса жолдарды асфальттау мен газдандыру жұмыстарының қалай атқарылатынын сұрады. Көшелерді жөндеу кезең-кезеңімен іске асып жатқанын айтқан өңір басшысы биыл 7 ауылға газ кіргізудің ЖСҚ жасалып, тек инвестор тарту мəселесі қалғанын айтып қуантты. Аудан əкімінің жұмысына оң бағасын берген тұрғындар алдағы уақыттан үлкен үмітпен тарқасты.

ҚАЙНАРЛЫҚТАР ҚАРҚЫНДЫ


Ал, қайнарлықпен кездесу қарқынды өтті деуге болады. Еркін, Жаңалық, Жаңа-Арна, Дəулет, Еламан, Жалғамыс, Тереңқара, Сақтан, Қайнар, Достық, Көктал сияқты 11 елді мекен кіретін Қайнар округін басқарып отырған Ж.Ясинов баяндамасын «Өңірді дамыту бағдарламасы» бойынша атқарылған жұмыстардан бастады. Салалардағы саралы жұмыстарды жүйелеп шығып, алдағы атқарылатын істерді де көпшілік алдында айтып берді. Аудан əкімінің баяндамасын да ыждаһаттылықпен тыңдаған ауыл тұрғындары өңірден жанжақтылы өсім барын байқады. Кезек өздеріне келгенде алдымен Жаңалық ауылының тұрғыны Д.Жунусов биылғы жылы бағдаршам қойылатынын естіп, қуанғанын айтты.

– Қоғамдық көлік мəселесі күрделі. Саяхатқа жетпей тастап кетеді. Тағы бір мəселе, «Шығыс» мөлтекауданында бес көше бар. Соның негізгі көшесі жаңбырлы күндері машина тұрмақ жаяу адамдардың өзі əрең жүретін ми батпаққа айналады. Жəне де ауыз су мəселесі қиындау. Малдарды суғара алмай əуреге түсеміз. Осы мəселелерді бірізділікке салсаңыздар, – деген өтінішін жеткізді. Мұқият тыңдаған əкім аталған сұрақтар бойынша жауапты сала басшыларына тапсырма берілетінін, өзі басты назарға алатынын жеткізді. Электр мəселесін көтерген С.Дəуренбекованың, Жалғамыс ауылында амбулатория салынса деген тілегін жеткізген Қ.Тəліпұлының сөздеріне əкім қанағаттанарлық жауап қайтарды. Өзге де көтерілген мəселелер сол жерде шешімін тауып, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеліп, ауылдың əлеуметтік жағдайын шешуде бірлесе жұмыс жасау көзделді. Қанағаттанарлық деп бағасын алған аудан əкімінің есебі өз деңгейінде қорытындыланды.

Мерует ДҮЙСЕНҒАЛИЕВА

«Талғар-ақпарат»