Жаңа жыл қарсаңында Талғар ауданы Белбұлақ ауылында «Нұр» балалар өнер-сауықтыру мектебінің ашылу салтанаты болды. Өнер ордасының ашылуына аудан әкімі Т.Айдарбеков, әкімнің орынбасары А.Бидаев, облыс пен ауданның білім, мәдениет, спорт және дене шынықтыру басқармаларының басшылары, қоғам қайраткерлері және ауыл тұрғындары қатысты.
Тағылымды тәрбие – бала болашағының іргетасы. Қазақтың көптеген қара домалақ балалары әлемдік деңгейде ел мерейін асырып жүргендері сөзсіз. Қарапайым ауылдан шыққан талай баланың жұлдызы жанып, қабілетімен дарындылар қатарына қосылуда. Аталған орталық Алматы облыстық Мәслихатының депутаты, өнер жанашыры Гүлжан
Нұрбекқызының жеке қаржысына тұрғызылды. Қос қабатты ғимарат соңғы үлгідегі техникалармен, құрылғылармен, жиһаздармен жабдықталған. Өнер және сауықтыру орталығында ән-күй, би, шахмат, тоғызқұмалақ сынды барлығы 12 үйірме жұмыс істейді. Одан бөлек шет тілі мен математикадан дайындық курстары ашылған. Өнер саласына өмірінің 20 жылын арнаған мектеп директоры Г.Нұрбекқызының айтуынша, орталықта 350 бала қалаған үйірмеге қатысып, білім ала алады. «Отралықта 14 ұстаз жұмыс істейді. Ауылдағы ерекше балаларға бәрі тегін. Олар енді осы жаңа мектепке келе бастайды, бұрын мұндай мүмкіншілік болмады, біз әртүрлі мектептерде жұмыс жасап жүрдік. Ғимараттар, кабинеттер жетіспей біраз қиналдық. Сондықтан өзімнің жеке қаржыма осындай жаңа ғимарат салып, балалардың кең жерде білім алуларына мүмкіндік жасап отырмын. Көптен бері ойлаған арманым орындалды десем болады. Өзім хореографпын. Бұл орталыққа 4 пен 18 жас аралығындағы балалар келіп, ұнатқан үйірмелеріне қатыса алады. Алдағы шілде айында Кеңдала ауылында осындай тағы бір мектеп қолданысқа беріледі деп жоспарлап отырмыз » , – деді орталық басшысы.
Салтанатты іс-шараға қатысушыларды аудан әкімі Т.Айдарбеков құттықтап, осындай керемет өнер орталығын ашып, ауыл балаларының өнерін дамытуға мүмкіндік жасап отырған Гүлжан Нұрбекқызына шын жүректен алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары бата беріп, жаңа ғимараттың лентасы қиылды. Әжелер шашу шашып, жиналған жұрт ғимараттың ішін аралап шықты. Салтанатты іс-шара орталық өнерпаздарының дайындаған “Біз өмірдің гүліміз” концертімен жалғасты. Бүлдіршіндерді өнерге баулып, сахна мәдениетіне үйретіп, дүбірлі додаларға қатыстырып, қоршаған ортамен қарым-қатынасын нығайту мақсатында ашылып отырған мектеп болашақта өз жемісін береді деп сенеміз.
Сәуле Құрмантаева