Ел тілегі ескеріледі

Ел тілегі ескеріледі

Барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебі ауданымызда әлі жалғасын табуда. Өткенді екшелеп, алдағы уақытта атқарылатын қыруар шаруаны бағамдау үшін аса қажетті мұндай басқосулар мен ашық әңгіме атқарушы билік өкілдері мен қарапайым халық арасын етене жақындастырып, түйіні түйдектелген келелі мәселелерді бірлесе шешуге жол ашатыны анық. Бұл жолғы есеп беру жиыны Алатау ауылдық округіне қарасты Қызыл-Қайрат ауылындағы №19 орта мектептің акт залында өтті. Әдеттегідей жиынға барлық деңгейдегі басшылар мен ауыл тұрғындары жиналды.

Алдымен ауылдық округ әкімі Қуатбек Смағұлов жылдық есебін берді. Ауылдық округке қарасты барлық ауыл жұртшылығымен бұдан бұрын кездесіп есеп берген Қуатбек Нығметұлы жиылған көпшілікке ауылдың тыныс-тіршілігі туралы баяндай келе, өткен жылда атқарылған ауқымды істері мен әлі де еңсерілетін шаруалары туралы айтып берді. Содан соң, аудан әкімі Райхан Садықова мінберге көтеріліп, алатаулықтар алдында кезекті есебін берді. Барлық салаға жеке тоқталып,  ауданның экономикалық жағдайы мен халықты әлеуметтік қорғау бағытында жүзеге асып жатқан оң істерді тілге тиек етті. Білім саласынан бастап, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы, инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта кәсіпкерлік, салық жинау көрсеткіштерінен бастап, бюджет қоржынына түскен қаражаттардың  мақсатты жұмсалуын тізбектей жеткізді. Болашақтың еншісіне қойылған мәселелер тұрғысында да сөз қозғады. Аудан басшысының есебін тыңдап болған соң жарыссөзге кезек берілді.

Бірінші болып Әбдубакир Тұрғанов сөз алды. Ол Қызыл-Қайрат ауылына тиеселі мөлтекаудандардағы электр энергиясы бағасының қымбаттығын айтып, оқушылар көп жүретін «Талғар-Алматы» күре жолы бойына жаяу жүргіншілер өтетін белгі қоюды сұрады. Соған қоса, ауыз су мәселесін көтерді. Одан кейін Алмалық ауылының тұрғыны Бекжан Мединеев сөз алып, ауылдарды көгілдір отынға қосу мәселесін алға тартса, Береке ауылының тұрғыны Серік Отарбаев әкімдер есебіне өз бағасын берді. Зейнеткер-ұстаз Даша Қожабекова Қызыл-Қайрат ауылының халық санының өсіп келе жатқанын айта келіп, ауылға тағы бір мектеп керектігін, сонымен қатар ауылдық округке тиеселі бірнеше ауылға ортақ бір ғана №18 орта мектеп барын, оның өзінің де тозығы жеткенін алға тартып, жаңа мектеп салынса деген өтінішін білдірді. Ауылдағы ауыз су бағасының қымбаттығы мен мектептерді газға қосу мәселесін де көтерді. Ауылдың ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жақсылық Ташкеев жиылған қауымға ауылдың тыныс-тіршілігі мен өткізіліп жатқан мерекелік, қайырымдылық шаралары  туралы баяндай келе, басшылардың есебіне оң бағасын берді. Өз кезегінде сөз алған қоғамдық ұйымның директоры Дильнара Инфенова барлық деңгейдегі әкімдердің ел алдындағы есебінің куәсі болып жүргенін айта келе, аудан әкімі Райхан Нұрмырзақызының елмен етене араласып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына бар күш-жігерін жұмсап жүргенін атып, жұмысын жоғары бағаға лайық деп таныды. Жиын соңында ауылдың қадірменді ақсақалы Иса Өткенбай ауылдық амбулаторияға күрделі жөндеу жасалса деген тілегін білдіре келе, аудан әкімі мен ауыл әкімінің есебіе қанағаттанарлық бағасын берді. Есепті кездесу барысында көтерілген мәселелердің кейбіреуіне аудан әкімі Райхан Садықова қолма қол жауап беріп, кейбірін болашақтың еншісіне қойды.

Перизат Нұрқаева

«Талғар-ақпарат»