Сәуірдің 29-ы күні Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінде ақын, жазушы, журналист, сыншы Болат Құрманғажыұлының әдеби шығармашылық кеші өтті.
Шараны Талғар ауданы ішкі саясат, мәдениет, тілдірді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырды. Шара аясында автордың «Тасжарған», «Өркеш», «Жылып өткен дүние» атты үш кітабының тұсауы кесіліп, әр жанрдағы шығармалары қамтылған туындылары көрерменге жол тартты. Кешке жазушының қаламдас достары және оқырмандары жиналды. Әлем халықтары жазушылар одағының төрайымы Гүлхан Айтақынқызы ақынды шын жүректен құттықтап, шығармашылық жолындағы ізденісі мен табандылығына тәнті екенін жеткізді. Сондай-ақ әлі де тың туындылар күтетінін айтып, әлем халықтары жазушылар одағының медалін табыстады.
Әдеби кешті әдемі әнмен бастаған Тұздыбастау ауылдық мәдениет үйінің шәкірттері жиылған жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады. Жазушы, ақын аудармашы Дәулетбек Байтұрсынұлы Б. Құрманғажыұлының «Жылып өткен дүние» атты кітабына талдау жасап, шығармаларының тарихи деректерге толы, сөздік қорының аса бай екенін атап өтті. Қаламгердің үш жанрда қалам тербегенін айта отырып, өлең, дастандарының да тілі шұрайлы, мазмұнды екенін алға тартты. Еңбектері мерзімді баспасөзде, әлеуметтік желіде жарық көріп, оқырмандарына ой тастап, шығармашылық шабыт сыйлайтынын да сөз етті. «Өркеш» атты өлеңдер жинағы қолына қалам алатындар қатары сиреп бара жатқан шақта ақтаңдақтың орнын толтырған тамаша туынды болғанын да айтылды. Ал сын-зерттеу мақалалары бір төбе екенін еске салып, атажұртқа келген соң әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факултетін тәмамдаған ақынның ізденгіш және табанды мінез-құлқына тәнті екенін жасырмады. «Өркеш» жинағына талдау жасаған Әділет Ахметұлы бүгінгі таңда қолданыстан шығып бара жатқан көнерген сөздерді жиі қолданатына риза екенін айтып, ескіріп бара жатқан құндылығымызды еске салатын мұндай сөздерді әдебиет әлемінде қайта жаңғыртқаны үшін алғысын білдірді. Кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ақынның лирикалық жырларын нақышына келтіре оқып, қызығы мен шыжығы таусылмайтын жастық дәуреннің махаббатқа толы тәтті сәттерін көз алдымызға әкелді. Ұлтқа қызмет ету – ұлы мұраты екенін ашып айтқан ақын:
Сарыарқа, самалыңды өбейін деп,
Көктемгі ақ жаңбырдай төгейін деп.
Байтақ ел, атажұртым, саған келдім,
Азаматтық борышты өтейін деп!», – деп жүрек жарды жырларынан шашу шашты.
Ақынның сөзіне жазылған «Періште қыз», «Көкше қызы», «Сұр шағала», «Талғарым» сынды әдемі әндер де шырқалып, әдеби кеш көңілді концертке ұласты.
Қытай халық республикасында ұзақ жылдар еңбек еткен ақын туған елінің мұң-мұқтажын шығармаларына арқау етіп, шындықты іздеп, шешімін табуға тырысты. 1959 жылы ҚХР-дағы Тарбағатай аймағының Сауан ауданында өмір есігін ашқан Б. Құрманғажыұлы Шынжаң университетін саясат-теория және қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша тәмамдап, «Іле газетінде» ұзақ жылдар еңбек еткен. Атажұртқа басын тірегеннен кейін де ұлтымыздың руханиятына өлшеусіз үлес қосып келеді. Ал бүгінгі кеш соның айқын дәлелі десек артық болмас.
Зорагүл Әбдіқадір