ТОҒЫЗ БАЛАНЫҢ АНАСЫ БАЛАЛАРЫНЫҢ ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІГІН ОСЫ КҮНГЕ ДЕЙІН АЛМАҒАН

ТОҒЫЗ БАЛАНЫҢ АНАСЫ БАЛАЛАРЫНЫҢ ТУУ ТУРАЛЫ КУӘЛІГІН ОСЫ КҮНГЕ ДЕЙІН АЛМАҒАН

Акция аясында кеңес берді

Азаматтардың құқықтық мəдениет деңгейін арттыру, жергілікті тұрғындарға құқықтық тегін заңдық кеңестер беру мақсатында аудандық «Нұр Отан» партиясының ғимаратында партияның желілік кестесіне сай «Əділет кеңес береді» атты республикалық акциясы өткен болатын. Аталмыш шараға аудандық «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мейрамгүл Ермағанбетова, аудандық Əділет басқармасының басшысы Айдар Нұрмұханбет, нотариус Бақтияр Бисимбинов, партия кеңесшісі Ғалия Бердібаевалар қатысып, жұртшылықты қабылдап, кеңес берді. Акция барысында азаматтарға, заңды тұлғалар өкілдеріне соңғы енгізілген өзгертулер мен толықтырулар туралы заңнама нормаларынан құқықтық заңды түсініктемелер беріліп, аталмыш іс-шараның шеңберінде өтініш білдірген барлық санаттағы азаматтар əділет саласының, атап айтқанда АХАТ саласы, жылжымайтын мүлік, зияткерлік, заңды тұлғаларды тіркеу, нормативтік құқықтық актілер, құқықтық түсіндіру жəне халыққа заңдық қызмет көрсету бөлімі қызметімен қоса нотариалдық қызмет бойынша кеңестерін алды. Оның ішінде елімізге оралған қандасымыз Тұрсынай Нұрбайдың өтінішін ерекше назарға алды. «Нұрлы көш» бағдарламасымен елімізге Қытай елінен қоныс аударған Тұрсынайдың анасы тоғыз баланы дүниеге əкелген екен. Сол кездегі Қытай саясаты бойынша балаларына туу туралы куəлік берілмеген. Тек үй кітапшасына ғана тіркеп қоятын болған екен. Енді міне, сол туу туралы куəліктің жоқтығынан елімізге оралып, Қазақстанның азаматтығын алған Тұрсынайдың анасы көп балалы ана ретінде тиісті мемлекеттік жəрдемақыны ала алмай отыр екен. Мəселенің мəн-жайына қаныққан басшылар Тұрсынайға заң аясында кеңес беріп, бауырларының құжаттарын рəсімдеудің жолын көрсетті.

Перизат НҰРҚАЕВА

«Талғар-ақпарат»