Мен 1991 жылы тамызда сонау Алатау бөктерінде орналасқан, Алматы облысына қарасты Кеген ауданы Жылысай ауылында дүниеге келдім. Қазақ елі аңсап күткен Тәуелсіздікпен құрдаспын! Осынау тәуелсіздікті ата – бабамыз ғасырлар бойы аңсап, келер ұрпақ жарқын өмір сүрсін деп қаншама қан төгілді, қаншама бала жетім, қаншама аналарымыз жесір қалды. Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек бастап кеткен ТӘУЕЛСІЗДІК! Ұлы Отан соғысы кезінде Бауыржан Момышұлы көксеп кеткен ТӘУЕЛСІЗДІК! 1986 жылғы желтоқсанда қазақ жастарының қаны сіңген ТӘУЕЛСІЗДІК!
Азат еліміздің жастары тәуелсіздікке барар жолдың қандай азапты болғанын, қандай құрбандықтар мен сынақтар болғанын, 1916 жылғы ұлт азаттық көтеріліс, азамат соғысы, ашаршылықтың алапат екі толқыны, қуғын-сүргін мен репрессиялар, Ұлы Отан соғысы, тың игеру жылдарындағы жаппай қоныс аударудың зардабы арқылы жеткенімізді білу керек.
Тәуелсіздіктің мән – мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата–бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан, ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы.Тәуелсіздікке барар жолдағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман бабаларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің парызымыз. Сондықтан біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікті сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы әрі қарай дамытуымыз керек. Әр қазақстандық оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық.
Тәуелсіздік – қасиетті ұғым, сәулелі құбылыс. Бостандық жолында басын бәйгеге тіккен бабаларымыздың асыл арманы болған азаттығымыз ақ қанатты періште сипатында халқымыздың басына бақ болып қонды.Тәуелсіздігінің отыз жылдық тарихы бар Қазақстаннан басқа мемлекеттердің үйренері әрине көп. Бүгінде жастары интелектуалдық вакуумда тәрбиеленіп жатқан мемлекеттер де бар. Ондай елдер болашақта да перефирияда қала бермек.
Ал біз бақытты ұрпақпыз, келешегіміз жарқын! Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ енді сол тәуелсіздіктің ары қарай өркендеуіне талмай еңбек етіп, үлес қосуы керек. Халқы тату, экономикасы тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы жарқын, бүгінгіден нұрлы болатынына кәміл сенемін.
Ақбота Қалибекқызы,
№29 орта мектептің ағылшын
тілі пәнінің мұғалімі