Ескіні жаңарту – денсаулықты оңалту

Ескіні жаңарту – денсаулықты оңалту

Бесағашта күрделі жөндеуден өткізілген амбулатория есігін қайта ашты. тозығы жетіп, әбден ескірген амбулатория аз уақытта түрленіп, өзгерген.

Инженерлік коммуникация, кәріз, электр жүйесі толығымен алмастырылған. Ең бастысы, ауыл халқына бұған дейін қолы жетпеген қосымша қызмет түрлері көрсетіледі. Жаңа құрылғылармен жұмыс істеу үшін қосымша медицина мамандары да жұмысқа алынған екен. «А- Class medical» компаниясына сенімгерлік басқаруға амбулатория өткен жылы берілген болатын. Осы уақыт аралығында ауданның бірнеше ауылында дәл осындай ем-дом көрсететін мекеменің 27-сіне жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Бесағаш ауылдық округінің тұрғындары үшін салынған дәрігерлік амбулаторияның ашылу салтанатына аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібеков және облыстық, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Қайдар Әлиханұлы ізгі тілегін білдіре келе, денсаулық сақтауда, тұрғындардың репродуктивтік денсаулығын жақсарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.

«Стоматология, УЗИ, ЭКГ аппараттары алынып, арнайы заманауи құрылғылармен жабдықталды. Атаулы орталықтың жөндеу жұмыстарына 100 млн. теңге жұмсалса, қажетті құралдармен жабдықтау үшін 40 млн. теңге қаражат кетті. Негізгі мақсат – мамандардың жұмысын жеңілдетіп, медицинаның сапасын көтеру. Бір жылдың ішінде 27 амбулаторияның ішкі жұмысын бітірдік. 2022 жылы сыртқы жұмыстарын жасауды жоспарлап отырмыз» — дейді сенімгерлік басқару компаниясының бас директорының орынбасары Марлан Нұрмұханбетов.
Амбулоторияда есіктен кіргеннен бастап мүмкіндігі шектеулі, жүріп-тұруы қиын адамдарға арналған пандус пен арнайы дәретхана, киім ілетін орын мен тіркеу орындары заман талабына сай жабдықталған.

Атаулы амбулотория меңгерушісі Нұрсұлу Кәдіржанқызының айтуынша, емханаға 18 мың адам тіркелген, бір күнде 50-60 адамға дейін қызмет көрсете алатын мүмкіндік бар екен. Қазіргі таңда 60 қызметкер жұмыс жасайды, олардың ішінде 11 жоғары санаттағы дәрігер бар.

Қуанышқа ортақтаса келген Бесағаш ауылының тұрғыны Болатбек Тоқтасынов амбулаторияның ашылуымен құттықтап, ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

Денсаулық — адам өміріндегі ең жоғары бағалы дүние. Денсаулық — тек жеке бастың ғана емес, ұлтымыздың да ұлы игілігі. Халықтың игілігі үшін жасалып жатқан жақсы істер жалғасын табар деген үміттеміз.

Айнаш Әлдибек,
«Талғар»