Жуырда ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Наталья Дементьева мен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Вакиль Набиев арнайы іс-сапармен келіп, этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында кездесу өткізген болатын.
Қаламыздағы Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің мәжіліс залында өткен кездесуді Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы-этносаралық қатынастар жөніндегі бөлімінің бас маманы Әбілқайыр Оралов ашты. Жиынға қоғамдық пікір жетекшілері, Қоғамдық келісім кеңесінің және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелері, бiлiм беру ұйымдары мен колледждердiң басшылығы мен педагогикалық ұжымының өкiлдерi, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, БАҚ өкілдері және белсенді блогерлер, діни басқарма өкілдері және діни мекемелердің қызметкерлері мен жастар қатысты. Кездесудің негізгі мақсаты — этносаралық қатынастардың өзекті мәселелері бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу болатын.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев аудан бойынша қоғамдық бірлестіктермен атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ауқымды ақпарат берді. Одан кейін сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Наталья Дементьева мен Вакиль Набиев еліміздегі ұлтаралық қатынастың тұрақтылығы мен ұлттар достығы туралы сөз қозғап, тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктерінде елімізде мекен етіп отырған ұлт пен ұлыстың қосқан үлесінің де зор екенін тілге тиек етті. Мемлекеттік Рәміздерімізді құрметтеу, мемлекеттік тілімізді көркейту әрбір қазақстандықтың міндеті екенін алға тартып, мемлекеттік тілі де өз ойларымен бөлісті. Жиын барысында Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов мінберге көтеріліп, ауданымызға арнайы келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, көпұлтты округтегі татулық пен бірлікті, ел әлеуетін арттырудағы бірлесе атқарылып жатқан тындырымды тірлікті тілге тиек етті.
Кездесу соңында мәжілісмендер «Астана және Алматы епархиясы Параскевы Жұмасының қауымы» жергілікті православиялық діни бірлестігінің жетекшісі Владимир Барташевич пен Грек этномәдени бірлестігінің төрайымы, Панфилов ауылындағы №17 орта мектептің директоры, аудандық мәслихат депутаты Наталья Тифанцидиге ҚР Ассамблеясының арнаулы «Алғыс хатын» табыс етіп, еңбектеріне жеміс тіледі.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»