Ұлтымыз ұлықтаған ұлы мереке
Ата-бабаларымыздың алдында тәуелсіздік үшін күресу мақсаты тұрған болса, біздің алдымызда осы тәуелсіздікті нығайта түсу міндеті тұр. Сондықтан да осы бір ұлық мереке — «Тәуелсіздік күнін» жыл сайын зор құлшыныспен атап өтіп келеміз. Биыл да ұлы мереке өз деңгейінде ұлықталды.Аудандық Мәдениет үйінің кең залында Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік салтанатты жиын болып өтті.
Игі шараға аудан әкімі Қайдар Әбдіханов, әкім орынбасарлары, қала, ауыл әкімдері, мекеме, бөлім басшылары мен ауданымыздың Құрметті азаматтары, елге сыйлы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналар, ұстаздар мен дәрігерлер, аудан жастары жиналды. Мерекелік салтанат елдігіміздің айғағы айбынды Әнұранымызбен ашылды. Сахна пердесі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі дайындаған «Тәуелсіздік белестері» бейнефильмімен ашылды. Көпшілік назарына ұсынылған бейнефильмде еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап, отыз жылдағы ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында атқарылған еңбек пен жеткен жетістіктер баяндалды. Өткенге көз жүгірткен мағынасы терең, мәні зор фильм көптің көңілінен шықты.
Жиылған көпшілік алдында алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы алды. Тәуелсіздіктің ғасырлар қойнауынан бас алатын ұлттық рухтың жемісі, ерлігіміз бен елдігіміздің жеңісі екенін айтқан аудан басшысы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарының қиын-қыспағына қарамай, егемен елдіктің қамын ойлаған, қазір де ауданымыздың құрметті азаматтары атанып жүрген аға буын өкілдері мен 1986 жылы желтоқсанның қаһарлы күні алаңға шыққан қазақтың ұл-қыздарының ортамызда отырғанын тілге тиек етті. Тәуелсіздік туының көкке самғап, асығының алшысынан тұруында осы азаматтардың қосқан үлестері қомақты екенін жеткізді. Тәуелсіздік жылдарындағы жеткен жетістіктеріміз бен бағындырған белестеріміздегі мемлекет басшыларының саралы саясатын, ерен еңбегі туралы сөз қозғап, ауданымыздың бүгінгі тыныс-тіршілігіне тоқталып, болашаққа бағытталған жоспарларымен бөлісті. Жиылған қауымды мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін білдірді.
Содан кейін тәуелсіздік жылдарында ауданымыздың экономикалық және әлеуметтік дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Атап айтар болсақ, ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Ерен еңбегі үшін» медалімен Керімбек Тілеубаев, «Шапағат» медалімен Бағжан Құдабаев, Орал Баяділов, Жанна Липатова-Костюк, «Құрмет грамотасымен» Гүлнар Жасыбаева марапатталды. Аудандық мәслихат хатшысы Мұхит Әлібековпен бірге ауданымыздың көркейіп, экономикасының орнығуына сүбелі үлес қосып жүрген Райхан Азимова, Рыскелді Сәтбаев, Айшарван Жарылқасымова, Күланда Батырбекова, Бекболат Оқасов, Абдурахим Курбанов, Николай Уразгалиев, Құдайберген Бекбосынов, Бақытбек Байдыбеков, Ұлдай Шокабаева, Александр Ромме, Александр Прекуль, Валерий Мальцев сынды азаматтарға «Талғар ауданының Құрметті азаматы» атағын беріп, абыройларын асқақтатты. Ауданымызда ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, Тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуға үлес қосып келе жатқан көптеген еңбек ардагерлері мен мекеме, бөлім басшыларын, желтоқсаншыларды «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы» медалін тақты.
Осындай мерейлі марапаттардан кейін ауданымыздың «Құрметті азаматтары» Мұхтар Әлімов пен Мария Сихимбаевалар сөз алып, ұлтымыздың аса бай рухани құндылықтарын ортамызға әкеліп, еңсемізді көтеріп, санамызды серпілткен Тәуелсіздіктің еркіндікті аңсаған халқымыздың арманы ақиқатқа айналып, азаттыққа қолымыз жеткен аса қасиетті де қастерлі күн екенін айтты. Тәуелсіздігімізді көзіміздің қарашығындай сақтай отырып, кез келген қиыншылықты бірлесе еңсеріп, жетістіктерімізді еселей білуге үндеді. Жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, жұртшылықты мерекемен құттықтады.
Мерекелік салтанаттың екінші бөлімі концерттік бағдарламаға ұласты. «Салтанат» би ансамблі «Мереке», «Тамаша думан» билерін тарту етсе, ауданымыздың мәдениет саласының қызметкерлері тарихтан сыр шертер театрландырылған көріністерін ұсынды. Семейхан Даривхан, Айдос Балғабек, Натхан Манай сынды өнер майталмандары«Қазақтың қара баласы» әнін, Жақсыбек Қалелбек «Бар қазақ бір қазақ» әнін орындады,«Алатау аясында» халықтық ансамблі «Шернияз» күйін күмбірлете ойнаса, қобызшы қыздар Жадыра Нұрмамбетова мен Гүлзира Шаяхметова «Қайсар қазақ» әнін,Мұратбек Сарбасов «Тәуелсіздігім мәңгілік» әнін, жастар квартеті «Қазақстан» әнін тамылжыта шырқады. «Салтанат би» тобы «Достық блогымен» көпұлтты еліміздегі татулық пен бірлікті паш етсе, концерттік бағдарламаны ұстаздар хоры «Талғарым жердің жәннаты» әнімен аяқтады. Мерекелік салтанаттан барша қауым мол әсер алып, көтеріңкі көңілде тарады.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»