Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастамасымен көрермен қауымға көңілді кеш ұсынылды. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылыған көңілді тапқырлар ойынына «Ел ертеңі — рухы биік жастар» тақырыбы желеу болды. Келген командалар өз өнерлерін ортаға салып, көпшілікті күлкіге бөлеуге тырысты. Қоғамдағы қол жеткізген жетістіктер мен кемшін тұстарды, жастар мәселесін, ұрпақ тәрбиесі жайындағы қолбайлау болып отырған дүниелерді қазақы қалжыңмен жеткізіп, елдегі жастар саясатының жүзеге асуын дәріптеген жастардың ойыны келген қонақтардың көңілінен шыққандай болды.
Ұйымдастырушылар ұсынған ережеде мектептің жоғарғы сынып оқушылары мен колледж студенттерінің қатысуына мүмкіндік туғызған. Алайда жарысқа төрт команда ғана өтініш берген.
Жыл сайын өтіп тұратын жайдарманның өтуі соңғы жылдары бәріне белгілі себеппен сирегені рас. Сол себептен болар жарысқа қатысқан әртүрлі топтар тыңғылықты дайындықпен келгені ойындарынан көрініп-ақ тұрды. Қатысушыларға келсек Талғар жоғарғы медицина колледжінің атынан «АНТИСЕПТИК», Талғар политехникалық колледжінен «ПОЛИТЕХ.КЗ», аталған жарыстағы жалғыз оқушылар командасы Б.Момышұлы атындағы №35 мектеп-гимназиясынан келген «НАРТӘУЕКЕЛ» және медициналық колледжінің намысын қорғаған «МЕДТІҢ БАЛАЛАРЫ» сынды жайдарман топтары қатысты.
Екі бөлім бойынша бағаланған жарыстың басы сәлемдесумен басталып, келесі бөлімде қатысушылардың сөз тапқырлығы сыналып сұрақ-жауап бөліміне ұласты. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен бірінші орын «ПОЛИТЕХ.КЗ» командасына бұйырса, екінші орын «АНТИСЕПТИК» тобының қыз-жігіттерінің қоржынында, үшінші орынды «НАРТӘУЕКЕЛ» мен «МЕДТІҢ БАЛАЛАРЫ» жайдарманшыларына қатар беруді жөн көрді. Сонымен қатар «Үздік ойыншы» номинациясы сан қырлы ойын үлігісін көрсетіп төрешілерді тәнті еткен «АНТИСЕПТИК» командасындағы Ұласбаев Бағашарға бұйырды.
Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»