«Пай-пай, қазақтың келіндері-ай, көл-дария секілді пейілдері-ай» деп ақын жырға қосқан қазақ келініне артылар жауапкершілік ас та төк. Ұрпақ тәрбиесін құрсақтан бастайтын ұлтымыз үшін жас анаға жүктелер жүктің салмағы да, сыны да бөлек. Сондықтан да шығар қазақ деген атқа шек келтіртпей, ұлттық құндылықты ұлықтай білуді әрбір келін өзіне парыз санайды. Міне сондай жандардың бірі, парыздың қарызын ұғынып, ұлт салмағын түсінген ару нұралық келін Таубалды Мақпал Ерланқызы дер едім.
Ибасы мен инабаттылығы қалай сәлем бергенінен байқалатын Мақпал Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының қызы. Бес ағайындының ішінде тұңғышы болып дүниеге келгендіктен де жауапкершілік жүгін ерте сезіне білген. Тағылымды тәрбиенің үлгісін дәріптей білген отбасының берік қағидасы бала Мақпалдың жүрегіне бойлай енгені соншалық арманын өнер саласымен ұштастырады. 2010 жылы мектепті үздік бітірген соң бала арманының жетегімен Алматыға келіп, Т.Жүргенев атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының студенті атанады. Елге танымал тұлға Асанәлі Әшімовтің шеберханасына тәлім алып, 2014 жылы «Драма театры және кино артисі» мамандығын алып шығады. Бірден Ұйғыр аудандық Мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, кейіннен әдіскер, директордың міндетін атқарушы болып қызмет атқарады. 2017 жылы тұрмысқа шығып, Нұра ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері болып жұмысқа тұрады.
– Талғар өңіріне келін болып түскеннен бері қазақ аналарының парасаттылық болмысын терең ұғына бастадым. Ата-енеммен бірге тұра жүріп қазақ аналарына тән бар асылды бойыма жыя білудге тырысып келемін, — дейді Мақпал.
Мақпалдың бұл сөзі бекер дей алмаймыз. Себебі, жуырда ғана облыс орталығы Талдықорғанда Социалистік Еңбек ері, Алматы облысының «Құрметті азаматы» Зылиқа Тамшыбаеваның 85 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Жетісу жауқазыны» атты облыстық байқауға қатысып, бас жүлдені жеңіп қайтты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен байқау қазақтың салт-дәстүрін насихаттау, қазақ келіндерінің бейнесін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған еді. Облыстың әр ауданынан келген үміткерлердің ішінен озық шыққан Мақпал татулығы төрге озып, босағасынан береке аттаған Нұра өңіріндегі өнегелі жанұялардың бірінен екенін дәлелдеп қайтты.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»