«Жас ұлан» қатарына қабылданды

«Жас ұлан»  қатарына қабылданды

Кеңдала ауылындағы №42 орта мектепте жас жеткіншектерді еліміздің нағыз патриоттары, еңбекқұмар, білімге құштар етіп тәрбиелеуді, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарымызды қастерлейтін, рухани дүниесі кең тұлғаны қалыптастыруды көздейтін «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қатарына қабылдау  рәсіміне арналған салтанатты жиын өтті. Тәуелсіздік мерекесіне орайластырылған салтанатты шараны 4 «В» сынып оқушылары мен сынып жетекшісі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Рыскулова ұйымдастырып, оған қонақ ретінде Желтоқсан оқиғасының белсенді мүшесі Баян Әуелова мен аудандық «Талғар» газетінің тілшілері шақырылды.

Айбынды Әнұранымыз шырқалғаннан кейін ортаға «Бірыңғай «Жас Ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің туы енгізілді. Өнерлі жас Руслан Досжанның орындауындағы «Атамекен» әнінің ырғағымен «Жас ұлан» ұйымына қабылданатын 4 «В» сыныбының озат та үлгілі 24 – оқушысы төрге енді. Салтанатты жиынға дайындық рапорты қабылданған соң, бүгінгі жиынның ең жауапты сәті ант қабылдау рәсіміне кезек еліп жетті. Аталмыш сыныптың үздік оқушылары Төленді Дәулет пен Серік АнельМемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, туған елін, жерін, Отанын мақтаныш етуге, ата-аналарын қадірлеуге, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге, білімге табандылықпен ұмтылуға, салауатты өмір салтын ұстануға, табиғатты аялауға ант берді. Одан кейін мектеп директоры Айсара Абақанова бастаған қонақтар «Жас қыран» ұйымына қабылданған оқушыларға төсбелгілерін тағып, ұландар қатарына қабылдады.

Балалар қоғамдық бірлестіктің әнұранын орындағаннан кейін кезек Тәуелсіздік мерекесіне арналған концерттік бағдарламаға берілді. Сыныптың әнші қыздары Фатима Дониержанқызы мен Еркежан Нұрланқызы «Туған ел» әнін орындаса, Махаббат Ерболатқызы, Зере Мақсатқызы, Ару Қайсарқызы рухты өрлетер «Елім менің» әнін тамылжыта шырқады. Биші қыздар «Саржайлау биін» мың бұрала билеп берді.

Салтанатты шараны қорытынды бөлімінде мектеп директоры Айсара Абақанова мен желтоқсаншы Баян Әуелова жиылған көпшілік алдында тәуелсіздігіміздің ата-бабамыз армандаған асыл армандарының бірі екенін алға тартып, осы арманға жету жолында сан ғасырлар бойы қаншама батырларымыз, ер жүрек апа-ағаларымыз елін, жерін қорғау мақсатында оққа ұшқанын тілге тиек етті. Кешті қорытындылаған 4 «В» сыныптың жетекшісі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Рыскулова салтанатты шараны ұйымдастыруға атсалысып, қолдау көрсеткен әріптестеріне, ата-аналарға алғысын айтып, қонақтарға естелік сыйлықтарын табыс етті. Мәнді де мағыналы кештен зор әсер алған қонақтар мен ата-аналар, жиналған көпшілік естелік суретке түсіп тарасты.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»