Тұлғалар еліне тарту жасады

Тұлғалар еліне  тарту жасады

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында аудан кәсіпкерлерінің өте үлкен игілікті ісінің куәсі болдық. «Кәсіпкерлер» дегенде бизнес жасап, кәсіптің көзін тауып қалтасын қампайтып, қара бастың қамы үшін жүрген азаматтарды айтқым келген жоқ. Бір ғана нәзік иығымен ердің жүгін арқалап, тырнақтап терген несібесін көппен бөлісіп, балалардың жарқын болашағы үшін барын салып жүрген Күләнда Батырбекова туралы айтып отырмын. Ауданымызда «Дана» жекеменшік мектебі мен «Еркем-ай» балабақшасын ашып, өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына атсалысып жүрген Күләнда Батырбекова ауданымызға белгілі кәсіпкер, облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесінің мүшесі, «Bilim Invest» білім беру инвесторлары Ұлттық қауымдастығының вице-президенті.

Алдымен Жаңалық ауылындағы Қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейде бас қосқан көпшілік музей ішін аралап көріп, ел тарихының өткеніне көз жүгіртіп, алаш арыстарының өмір жолымен танысты. Музейдің мәжіліс залында атаулы игі шараның мақсат, міндеттерін талқыға салды. Кәсіпкерлер қауымын аталмыш музеймен таныстырып, ату жазасына кесілген боздақтардың әруақтарына тағзым етіп, Құран бағыштау, шалғай жатқан ауыл мектебінің жай-күйімен танысып, жаңа жабдықталған сыныптардың ашылу салтанатының куәсі болу екені сөз болды. Содан кейін барша қауым құрбандарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, ауыл имамы Құран бағыштады. Күләнда Батырбекова осы жерде жатқан барлық арыс азаматтардың рухына арнап Құран аудартқанын айтып, құрбандық шалынып жатқанын да жеткізді. Дана халқымыз:«Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген емес пе? Еліміздің азаттығы үшін өмірлерін қиған боздақтарды еске алып, тағзым ету баршамыздың парызымыз.
Әрі қарай игілікті шара Жаңалық ауылындағы І.Жансүгіров атындағы №37 орта мектепте жалғасын тапты. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ләззат Шыңғысбаева, Талғар ауданы әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Матан Бекбосынов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Жұмахан Еңкебайұлы, қоғам белсендісі Клара Хасанова мен облыстық және аудандық мәслихат депутаттары мен өңір кәсіпкерлері мектептегі үш мамандандырылған сыныптың ашылу салтанатының куәсі болды. Аталмыш мектепте «Кәсіпкерлік және бизнес», «Өлкетану» және «Жас ғалым» кабинет­терінің салтанатты түрде лентасы қиы­лып, мектеп директоры Дина Жайсан­баева қонақтарды сыныптардың ерек­шеліктерімен таныстырды. Атап өткен сыныптар кәсіпкер Күләнда Батырбекованың демеушілігімен толықтай жабдықталған. Кәсіпкер отбасымен және «Bilim Invest» білім беру инвесторлары Ұлттық қауымдастығының мүшелерімен бірлесе оқу кабинеттерін жабдықтауға 4 млн теңгеге жуық қаражат жұмсаған. Қаражатқа парталар, орындықтар сатып алынып, электр шамдары, линолеумдар жаңартылған. Жыл соңында заманауи интерактивті тақталар орнатылып, балалар игілігіне беріліпті.

«Биылғы жылы бір жолым түсіп Жаңалық ауылындағы мектепке бас сұққан едім. Білім ошағының тыныс-тіршілігімен таныса келе бірқатар мәселелері мен қажеттіліктері бар екенін байқадым. Мектеп үш ауысымды, оқушылар мен мұғалімдер үшін қолайлы жағдай жасау керек болды. Жанұям мен қауымдастықтағы әріптестеріммен ақылдаса келе, үш оқу кабинетін ашып, оларды қажетті жабдықтармен жабдықтауды жөн көрдік. Оқу кабинеттерінде түрлі шеберлік сыныптары, бизнесмендермен кездесулер өткізілетін болады. Сондай-ақ оқушыларға стартаптар және басқа да жобаларды әзірлеу бойынша қолдау көрсетіледі. Біздің қауымдастық мектеп мұғалімдеріне әдістемелік көмек көрсетуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті. Мектеппен ынтымақтастығымыз енді басталады. Әрі қарай да бірлесе жұмыс жасайтын боламыз», — деді Күләнда Батырбекова.

Келген қонақтарды жылы шыраймен қарсы алған мектеп ұжымы мен оқушыла­ры «Туған елге тағзым» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырыпты. Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің орын­баса­ры Оразхан Қаспақбаев, облыс­тық білім басқармасының орта білім бөлімінің басшысы Әлішер Сырым, игі шараның бастамашысы болған Күләнда Батырбековалар сөз сөйлеп, еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында екенін айтып, оларға үлкен сенім артты. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына тарту жасаған демеушілерге алғыстарын біл­дірді. Салтанатты жиын әрі қарай мектеп оқушылары мен ұстаздары дайындығын концерттік бағдарламаға ұласты. Рухты өрлетер әсем ән, мың бұралған толқынды би, тәуелсіздігімізге арналып жазылған жырларды төгілтіп, еліміздің өткен тарихына көз жүгіртер мәнді де мағыналы көріністері көпшілікті тәнті етті. Әсіресе балалардың сонау қазақ хандығынан бастап, ақтабан шұбырындыны, үш бидің ел басын біріктіруін, одан бергі алаш арыстарының айқасын, соңынан келе тәуелсіздіктің түрткісі болған желтоқсанның ызғарлы күніндегі жастар көтерілісін керемет сомдағаны көрерменнің көзіне жас үйірді. Игілікті шараға мектептің 8-9-10 сынып оқушылары мен сынып жетекшілері, пән мұғалімдері белсене атсалысқан. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Роза Сыздықова, Дана Байгелова, педагог ұйымдастырушылар Гүлім Өмірбек пен тарих пәні мұғалімі Нұргүл Исанова, информатика пәнінің мұғалімі Айнұр Джабаевалардың да еңбектерінің ерекше екені байқалып тұрды. Салтанатты шараны мектеп директоры Дина Жайсанбаева қорытындылап, мектеп әкімшілігі атынан оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға қосқан үлесі үшін Күләнда Батырбекова, басқа да сый-сия­паттарымен келген кәсіпкерлерге, алыс­тан ат арытып келген қонақтарға алғысын жаудырып, алдағы уақытта да білімді ұрпақ тәрбиелеп, сенімдерін ақтайтындықтарын жеткізді.
Ел патриоты, балалардың қам­қор­шы­сы, жомарт жүректі Күләнда Батыр­бекованың ел Тәуеліздігінің 30 жылдығына және «Білімді ұлт» ұлттық жобасын іске асыруға орай қолға алған «Туған елге тағзым» қайырымдылық акциясы әрі қарай да жалғасын тауып, аудан кәсіпкерлеріне ой салса нұр үстіне нұр болар еді деп тарқадық.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»