АҚ БАТА – АҚ ТІЛЕК

АҚ БАТА – АҚ ТІЛЕК

Бата десе қашам ба?
Өлең десе сасам ба?
Жаратқан ием жар болып,
Қолдап жүрсін қашанда!

«Біссіміллә» — деп бастайын,
Ата салттан аспайын.
Өсиет сөз – батаны,
Түйдек-түйдек тастайын.

Ұйып тұрып салтыма,
Тілек айтам жалпыңа.
Береке бер, бірлік бер,
Қазақстан халқына!

Ақ батамды берейін,
Сөз асылын терейін.
Егеменді елімді,
Тек биіктен көрейін!

Бір Құдайым жақ болсын,
Өмірлерің шат болсын.
Қыдыр түнеп әр үйге,
Бастарыңа бақ қонсын!

Қамбада астық мол болсын,
Қайда барсаң жол болсын.
Тәуелсіз елім – қазағым,
Мәртебең өсіп, зор болсын!

Дүние жалған – тұрмас түк,
Адамға тән қимастық.
Қарға тамыр қазақпыз,
Бұзылмасын сыйластық.

Қора толған қой болсын,
Ырызғың татар мол болсын.
Әр қазақтың үйінде,
Қуаныш болсын, той болсын.

Берекең табағыңда болсын,
Достарың қабағыңда болсын.
Ата-анаң жанарыңда болсын,
Дұшпаның табаныңда болсын!

Ашық болсың қабағың,
Ортаймасын табағың.
Мейірімін берсін ананың,
Кеңдігін берсін даланың!

Ертелі-кеш сұрарым,
Қорғап жүрсін Құдайым!
Қазақтың көңілі – дария,
Ортаймасын ылайым!

Тереземіз тең болсын!
Өрісіміз кең болсын.
Отау болып ұл-қыздар,
Бір рулы ел болсын!

Билік берсе аспағын,
Дәулет берсе шашпағын.
Жамандық та, жақсылық,
Болам десе қас-қағым.

Айтар болсам дұрысын,
Адамзат – Алла құлысың!
Ел аман, заман тыныш боп,
Арта берсін ырысың!

Жазың жайлы болсын,
Қысың майлы болсын.
Өркендеп, өсіп өмірің,
Төрт құбылаң сайлы болсын!

Бата берер бас болсын,
Ісіңді жалғар жас болсын.
Достарың қалың орман боп,
Дұшпаның қара тас болсын!

Тексіздерге тек болсын,
Арсыздарға шек болсын!
Жемқорлық пен делдалдық,
Біржолата жоқ болсын!

Кемелденсін нарқымыз,
Аспандасын даңқымыз.
Батамен қазақ көгерген,
Жасай берсін салтымыз!

Ұлың болсын ұлықты,
Қызың болсын қылықты.
Құрметтейік, үлгі етіп,
Ата-дәстүр, ғұрыпты.

Өрелі ойдың жүйесі,
Даналар оның иесі.
«Қабыл болсын!», «Әумин!»,
Бата сөздің – киесі!!!

Мұса ЖАНӘДІЛОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.
Райымбек, Талғар аудандарының «Құрметті азаматы»