Елімізде бес жыл бойы қарқынды жүзеге асқан «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы» халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған болатын.
Мемлекеттік бағдарлама еңбек нарығының қажеттілігін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, еңбек ресурстарын қайта даярлау, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылдық елді мекендерде шағын кредит беруді кеңейту, жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру сияқты бірқатар міндеттерді қамтыған еді. Еңбек нарығында жұмысшы мамандарға деген сұраныс күн санап өсіп келеді. Экономика мен өндіріс саласы қарыштап дамыған сайын өз ісін жетік білетін мамандар да ауадай қажет екені белгілі болды. Халықты еңбекке шақырып, оларға кәсіп ашып беріп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсеткен аталмыш бағдарлама ұсынған мүмкіндіктерді жұртшылық тиімді пайдаланды деп ауыз толтырып айтуға болады. Бағдарлама қатысушылары қысқа мерзім ішінде қоғамға қажетті мамандықты игеріп, қолдарына сертификаттарын алып шықты. Кәсіптік оқыту курсында сұранысқа ие мамандықтардың көшін қызмет көрсету, қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру, энергетика, құрылыс, өнеркәсіп және IT салалары бастап тұрды. Аталмыш бағдарлама аясында тегін кәсіптік білім беру ісін жүзеге асырған оқу орындарының арасынан ауданымыздағы Инновациялық білім беру орталығын ерекше атап өтуге болады. Бағдарлама күшіне енген уақыттан бастап түрлі жұмысшы мамандықтарды оқытып, білім мен тәжірибені ұштастыра отырып мамандыққа машықтандырған орталық жоғарыда аталған салалардың барлығына дерлік қажетті мамандарды даярлап, болашақтарына жол ашып келеді.
Жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚР Тұңғыш Президенті күні мерекесі қарсаңында Инновациялық білім беру орталығы тағы бір топ түлектерін ұшырған болатын. «Еңбек» бағдарламасының соңғы түлектері бағдарламаның игілігін көрген соңғы азаматтар қатарында болды. Бұл жолы аспазшылар мен кондитерлер үш айлық курстарын аяқтап, қолдарына сертификаттарын алды. Үш ай бойы оларға стипендия мен жолкүрелері төленіп тұрды. Сонымен қатар тәжірибеден өтуге жұмсалатын азық-түлік қаражаты да оқытушылар тарапынан төленді. Салтанатты шара қаламыздағы еңселі мейрамханалардың бірі — «Бақыт сарайында» өтті. Үш ай бойы орталықтың ұстазы Айгүл Алпысбава білім алушыларды бар ынта-жігерімен кәсіпке бейімдеп, ас дайындаудың қыр-сырын үйретті. Бұл ретте білім алушыларға іс-тәжірибесінен өтуге мүмкіндік беріп, қолдау көрсеткен «Бақыт сарайы» мейрамханасының қожайы Амангелді Сембаев мырза мен әкімшілік іс басқарушысы Рсалят Тойгунқызының да еңбегі зор болды. Болашақ аспаздар мен кондитерлер мейрамхана қабырғасынан біліктіліктерін арттырып, қонақжайлық бизнестің қыр-сырына қанықты. Бұл күнгі игі шараның мейрамхана қабырғасында ұйымдастырылуының да өзіндік сыры бар еді. Инновациялық білім беру орталығының директоры Найля Үмбетова түлектерінің атына заты сай еңселі мейрамхана қабырғасынан түлеп ұшқанын жақсылыққа жорып, болашақтарына жол көрсеткендей болды. Бүгінгі таңда елімізде той бизнесі қызып тұрған шақта білікті аспаз бен кондитерлерге деген сұраныстың артып тұрғаны белгілі. Тіпті, бармағынан бал тамған аспаздардың жалақысы да жоғары. «Аспаздық – бұл мамандық қана емес, өнер екенін айтады мамандар. Өйткені аспаздықты таңдағандар бар жан-тәнімен тамақ дайындауды жақсы көретіндер. Үш айда білім алған қыз-келіншектерге аспаздық өнердің барлық сырын ашып, оқытып-үйреттік деп ойлаймын»,- дейді Найля Бейсенбайқызы сөз арасында. Білім орталығынан оқып шыққан бес кондитер мен он бір аспаз үш айда білген-түйгендерін ортаға салып, бал бармақтарынан шыққан түрлі тағамдарын ұсынып, ұстаздары мен игі шара қонақтарының жоғары бағасын алды. Салтанатты шарада Инновациялық білім беру орталығының директоры, ауданымыздың «Құрметті азаматы» Найля Үмбетова мен аудандық жұмыспен қамту орталығының бас маманы Айнаш Махатова бітіруші түлектерге арнайы сертификаттары мен «Дипломдарын» табыс етіп, ақ жол тіледі. Түлектермен бірге естелік суретке түсіп, көтеріңкі көңілде тарасты. Ел игілігі үшін жүзеге асып, қаншама жұмыссыз жандарға жол көрсетіп, кәсіп ашуына септігін тигізетін «Еңбек» бағдарламасы сынды бағамды бағдарламалардың қоғам үшін маңызының зор екеніне көзіміз жетті. Осындай бағдарламалар жалғасын тапса екен деген ізгі ниетпен игі шараны қорытындыладық.
Перизат Нұрқаева,
«Талғар»