«Egov» деп еткен еңбек еленді

«Egov» деп еткен еңбек еленді

Өткен апта өңіріміз үшін қарбалас пен қуанышқа толы болды. Облыс орталығы Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті мен Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Egov – жаршысы» жобасының қорытынды жабылу салтанаты өтті.

Мұндағы мақсат — «Egov» электрондық үкімет порталын халыққа қолжетiмдiлiгiн арттыру, мемлекеттік қызметтерді электронды формат бойынша оқыту және түсіндіру, өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарын насихаттау, облыс көлемінде волонтерлық қызметтерді дамыту мен ең үздіктерді анықтау болды. Сағат тілімен жарыса сандық жүйеге ауысып келе жатқан қазіргідей кезеңде аталған жобаның мәні мен маңызы артпаса кемімейтіні анық. Жыл басынан бері желі беттерінен көргеніміздей көше аралап, кеңес беріп үлкенді-кішілі тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізген ұл-қыздардың «Egov» деп еткен еңбегі еленуге тиісті.

Жиында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы облыстық департамент басшысының орынбасары Қ.Манап пен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысы Е.Сапаров төбе көрсетті. Өз кезектерінде сөз алған қос басшы келген жоба қатысушыларының жұмыстарына ризашылықтарын білдіріп, жүйелі жұмыс жасап жүлделі орыннан көрінген жастарды марапаттады.
Көрсетілген сый-құрметтен тыс қалмаған талғарлық қыз да үздік үштікке еніп 2 орыннан көрінді. Марапат иесі Нұра ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушысы Кеңесбаева Гүлназ Ізбасарқызы. Тиянақты тірлігінің арқасында аудан абыройының өсуіне өз үлесін қосқан қыздың қолына «Мақтау қағазынан» бөлек 150 000 мың теңгелік сертификат табысталды.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ
«Талғар»