«Киелі жолдың иесі – Райымбек…»
Райымбек батыр дегенде көз алдымызға азаттық жолында жоңғарларға қарсы атқа қонып, асқан ерліктің үлгісіне айналған хас батырдың бейнесі келеді. Күреске толы өмірінде 77 жерден ауыр дене жарақатын алып, атақты Ойрантөбе шайқасында қалмақтың 17 батырын ойсырата жеңген баһадүрдің көріпкелділігі, әулиелігі хақындағы аңыз-әңгімелер бір төбе. Дегенмен ел құлағына әлі жете қоймаған оқиғаларын бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастамасымен «Киелі жолдың иесі – Райымбек…» атты жинақ жарыққа шықты. Академиялық жинаққа аты аңызға айналған Райымбек Түкеұлы туралы зерттеулер, эсселер мен мақалалар, ел аузында жүрген аңыздар һәм жыр-дастандар, белгілі ақындардың арнау өлеңдері, баһадүр бабаға қатысты фотосуреттер топтастырылған. Жуырда аудандық кітапхананың оқу залында танымдық басылымның тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға кітаптың бас редакторы, ақын, аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының кеңесшісі Ержан Алаштуған, құрастырушы редактор Ержан Тоқтар, Талғар ауданының «Құрметті азаматы», журналист, ақын, драматург Мұса Жанәділов, ардагер ұстаз, Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» «Ұрпақтар сабақтастығы» кітабының авторы Мұхаметжан Тойғанбекұлы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұқтархан Қалиұлы, Қазақстан Республикасының жыршы-жырау айтыс-ақындар одағының мүшесі, айтыскер-ақын Даубай Мамытұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мұқағалитанушы Айтақын Әбдіқал, ақын, сазгер, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздік қызметкері, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы, жыршы-термеші Әбіш Әділбек, қоғам қайраткері, шежіреші Тоқтар Баубек, этнограф, жазушы Нұрлан Сәрсенбаев, «ASPAN» баспасының директоры Ардақ Тұрысбай, Талғар ауданының «Құрметті азаматтары», ақындар, Камнұр Тәлімұлы, Бексұлтан Көлбаев, ақын, ағартушы Дәулетхан Карбоз, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы, зерттеуші Дәуіржан Төлебаев, ақын, «Alash» төсбелгісінің иегері Мақсат Ережеп қатысты. Үш бөлімнен тұратын академиялық басылым ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» поэмасымен ерекшеленіп тұрса, Сабдалы жырау айтатын дастанның екі нұсқасы, жазушы Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» роман-дилогиясындағы фольклорлық мотивтер, сонымен бірге ақын, драматург, Нұрлан Оразалин, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, тарихшы Мәмбет Қойгелді, жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаев, тағы да басқа авторлардың эссе, зерттеулері мен мақалалары, батыр жайындағы аңыздар, жыр-дастандар мен өлеңдер академиялық басылымды тақырыптық жағынан байыта түседі. Және бір айта кетерлігі талғарлық ақындарымыз К.Тәлімұлының, М.Ережептің арнаулары да енген.
Дөңгелек үстелде сөз алған кітаптың бас редакторы Ержан Алаштуған:
– Күні бүгінге дейін батыр баба туралы қандай еңбектер жарыққа шықса, соның барлығы осы ғылыми-танымдық академиялық жинаққа еніп отыр. Кітапты жинау барысында көптеген академиялық нұсқалар басшылыққа алынды. Ғылыми сараптама жасалып, дәйектемесі, ғылыми негіздемесі жоқ деректер қолданылған жоқ. Кітап суретші Шәкен Бөкентайұлының туындылары негізінде безендірілді, — деп батыр бабамыздың ел мен жердің азаттығы жолындағы күрескерлік һәм қайраткерлік мұрасы хақындағы дәйектемелерді келтіре кетті.
Әнуар Үмбетәлиев басшылық ететін Алматы қалалық музейлер бірлестігінің үйлестіруімен қолға алынған жинақ мәдениет жанашыры, меценат Айнұр Жұмаштың демеушілігімен жүзеге асып, 1000 данамен басылып шыққан. Іс-шарада кезекпен сөз алған қонақтар батырдың әділеттілігі мен бекзат болмысын, әулиелілігі мен кемеңгерлігін айтып, бұл кітап жастарды жігерлендіретін рухани қазынаның жарқын үлгісі деген түйінге тоқталды. Жыршы-термеші Әбіш Әділбек болса «Райымбек» дастанынан үзіндісін жырлап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. Кітаптың құрастырушы редакторы Ержан Тоқтар қолдау білдірген қаламгерлерге рахметін айтып, арнауын ұсынды. Батыр жайлы жырларды нақышына келтіре оқыған мектеп оқушылары кештің шырайын кіргізді. Басқосуды қорытындылаған кітапхана директоры Махамбет Хармысов ұлы тұлғалардың жүріп өткен жолын, ұстанымын, тұлғалық қасиетін дәріптеу арқылы жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелейтінімізді, және осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан кітапхана болашақта да мәнді-маңызды шаралардың қатарын арттыра беретінін жеткізді.
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»