Қазақ әдебиетінің қоры тағы бір жаңа жыр жинақпен толықты. Осыған дейін бірнеше жыр жинақтарын жарыққа шығарған ақын Қанат Тәліпұлының «Сағыныш екен бәрі де» атты жыр жинағы жарық көрді. «Тоғанай Т» баспасынан шыққан жинақ өлеңсүйер қалың оқырманға арналған. Өмір жолын қарапайым шаруашылық жұмыстарынан бастап, кейін ұстаздық ғұмырымен өрілген Қанат Тәліпұлы өлең жазуға жас кезінен машықтанған. Ауыл еңбеккерлеріне арнап жазған тырнақалды туындыларынан-ақ аяқ алысын байқатқан жас өрен кейіннен ақындар айтысына да қатысып, көрерменнің жылы ықыласына бөленген.
Жаңа жинақта ақынның сезім сырларымен өрілген лирикалық жырлары жарияланыпты. «Уақытпен үндес өлеңім» және «Жанымның жапырағы» атты екі бөлім арқылы берілген ақынның ішкі жан толқынысы оқырманды бей-жай қалдырмайды. Тілге жеңіл өлеңдері ақынның сыршылдығынан сырт шертсе керек. Жалпы айтқанда, адами биік сезім – махаббатты, адалдықты арқау еткен рухани әсері мол туындылар орта буын оқырман қауымның ойынан шығары сөзсіз.
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»