ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНІ

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ КЕШЕГІСІ МЕН БҮГІНІ

Тәуелсіздік – еліміздің жаңа дәуірде қол жеткізген барлық табысының қайнар көзі деуге толықтай негіз бар. Бүгінгі күніміздің жетістіктері осы Тәуелсіздіктің арқасында келді. Отыз жыл ішінде елдің әл-ауқатын көтеріп, төл мәдениетіміз бен мемлекеттік тілді жаңғырту жолында қыруар істер тындырды. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде халықтың әлеуметтік әл-ауқатын көтеруге қатысты үлкен шаралар қарастырылып жатқанын БАҚ беттері жарыса жазып жатыр. Осылардың негізінде тәуелсіздік пен тұрақтылықты, келісім мен бейбіт өмірді нығайта түседі деген сенімде. Осы 30 жыл ішінде егемен елді әлем танып, Елбасының жүргізген саясатын ел көрді. Тәуелсіздік – ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы.

Құндылықтарымыздың бойына қан жүгіріп қайта жанданып, елге, ұлтқа деген қасиетті сезім қазақстандық бойында қайта лаулады. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық. Ғасырлар бойы арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. Желтоқсанда жарқ еткен жалынды жастар қазаққа азаттық таңын сыйға тартқандай болды. Осылайша күллі жаһанға қазақтың қайратын, айбынын танытты. Қазіргі тәуелсіз Қазақстан – ата-бабаның орындалған шұғылалы арманы, сарғайып күткен сағынышы. Сондықтан да тәуелсіздік тарихы арнайы әңгімеге үздіксіз тиек боларлықтай ұлы тақырып екендігін қазіргі ұрпақ ешқашан естен шығармауы керек. Және осы бағытта жұмыстар жүргізіліп жатқаны да белгілі. Жыл соңына таяған тұста кешегі тарихымыз қозғалып, айтар әңгімемізге арқау болар Тәуелсіздік мерекесі мен егемендіктің ағашқы жылдары ел басқарған Елбасының еңбегін дәріптеу мызғымас дәстүр.

Осы ретте Талғар политехникалық колледжінде ауданымызға еңбегі сіңген азаматтар мен жас буын студенттердің келелі кездесуі өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайы келген бұл шара «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» тақырыбында өтті. Кешке қонақ ретінде шақырылғандардың қатарында «Құрмет» орденінің иегері, ауданымыздың «Құрметті азаматы», ардагер ұстаз Үмбетова Нәйля Бейсенбайқызы болды. Сонымен қатар аталған оқу орынында отыз жылға жуық қызмет жасап, білім беру ісінде көрсеткен шеберлігі арқасында «Ыбырай Алтынсарин «атындағы төсбелгімен марапатталған Абильчанова Жақсыбала Асылбекқызы қонақтар қатарынан көрінді. Келген қонақтарына құрметін көрсетіп, ілтипатын танытқан колледж директоры Садықова Райхан Нұрмырзақызы да аталған жиыннан шет қалмады.

Еркін тақырыпта өрбіген кездесуде алғашқы болып сөз алған Нәйля Бейсенбайқызы отыз жыл ішінде елдің жеткен жетістігін айтып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы кездескен қиындықтарды шолып өтті. Расымен де кездесу қонағының келтірген мысалы студенттердің қызығушылығын оята білді. Сөзінің соңында Елбасы жүргізген саясаттың артықшылығын айтып, құндылық пен әдеп тақырыбына тоқталды. Ардагер ұстаз колледж жастарына деген қонақ кәдесін Мұқағали Мақатаевтай ақын ағасының өлеңімен ұсынды. Тәрбиелік мәні зор кештің екінші қонағы Жақсыбала Асылбекқызы, колледждің кешегісі мен бүгінін салыстыра келіп тәуелсіздік берген мүмкіндіктің арқасында шәкірттерінің көрсеткен нәтижиесімен бөлісті. Сөз арасында жыл сайын жанданып келе жатқан оқу орны ішінен төрт заманауи әртүрлі бағыттағы зертхананың бірер жылда бой көтерітін айтып сүйіншіледі. «Сыйлағанның құлы бол» деп бабаларымыз айтқандай шақыртуын қабыл алып колледж қабырғасына келіп білгенімен бөліскен қонақтарға алғысын білдірген колледж басшысы да егеменді елдің ертеңі білімді жастардың қолында екенін айтып сөзін қорытты.

Артқа тастаған отыз жылдың ішінде бір мемлекетке жетерлік іс тындырылды және жүзеге асырылды. Экономикалық жағдайымыз жақсарып, әл-ауқатымыз өсті. Қазақ мектептері мен балабақшалар саны артты. Білім мен денсаулық саласына аса мән берілді. Өзге елдермен қарым-қатынасымыз жақсарып, саяси және мәдени қатынастар да үдей түсті. Осының бәрі тәуелсіз елдің мақтанышы деуге болады.

Дархан МАҚСАТҰЛЫ,
«Талғар»