Биыл 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының даңқты қаһармандары, аты аңызға айналған Панфиловшылар дивизиясына 80 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық кітапхананың оқу залында «Ұлы ерлік-ұрпаққа үлгі» атты іс-шара өтті.
Басқосуға «Қаһарман ұрпақ» қоғамдық қорының директоры Арынханов Арман Қайроллаұлы, қор мүшесі Қожабеков Қанат Жылқыбайұлы, Патриоттық клуб басшысы Кабдулданов Ильяс Момынұлы, «Жауынгер» Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төраға орынбасары Пірімбетов Рашид Абдуллаұлы, Талғар ауданы ҚІБ бастығы Айдар Болатұлы, бөлім бастығының әскери-патриоттық тәрбие жөніндегі көмекшісі Салтанат Алпысбаева және Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің студенттері қатысты. Кешті жүргізген кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ризвангүл Токарзаева іс-шараға қатысты маңызды ақпаратпен бөлісті: «Жиырма сегіз гвардияшы Панфиловшылар – Ұлы Отан соғысы жылдарында Мәскеуді ерлікпен қорғаған қазақстандық жауынгерлер. 1941 жылы 15 қарашада Германия әскерлері 51 дивизиямен Мәскеуге екінші “негізгі шешуші шабуылды” бастады. Батыс майдан жауынгерлері ауыр ұрыстар жүргізді. Осы майданға кіретін 16-армияның құрамында Алматыда жасақталған генерал-майор И.В. Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясы Мәскеу түбіндегі Волоколам тас жолын қорғады. 16-қарашада жау Волоколам бағытында ұрысқа шығып, Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В.Г. Клочков басқарған взвод жауынгерлері – барлығы 28 адам мылтықпен, жанармай құйылған шөлмектермен, гранаталармен қаруланып, жаудың 20 танкісімен 4 сағатқа созылған ұрыс жүргізді. Жаудың 14 танкісі қиратылып, панфиловшылар арасынан да бірнеше адам қаза тапты. Жау ұрысқа тағы 30 танк шығарды. Қазақстандық жауынгерлер соғыс тарихында сирек кездесетін ерлік жасап, жаудың болат құрсанған машиналарына төтеп берді. 28 панфиловшылардың 23-і қазаға ұшырады, бірақ жау танкілері олардың шебінен өте алмады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 ж. 21 шілдедегі Жарлығымен бұл жауынгерлердің барлығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілді» — дей келе, сөзді кеш қонақтарына берді. Кезекпен сөз алғандар Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлігі мен батырлығы жас ұрпақ үшін қашанда үлгі екендігін айтып, жастарды Отанын сүюге шақырды. Оқу залының кітапханашысы Динара Амантайқызы тақырыптық кітап көрмесімен таныстырды.
Меруерт Мәулетқызы,
«Талғар»