Адамзаттың Жамбылы ардақталды

Адамзаттың Жамбылы ардақталды

Қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл 175 жыл. Осы атаулы күнге орай қаламыздағы М.Бейсебаев атындағы агробизнес және менеджмент колледжінде әдеби-сазды кеш өтті. «Қазақтың Жамбылы — адамзаттың Жамбылы» атты игі шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған болатын. Ондағы мақсат — асыл сөздің атасы, өмірі ғасырға жалғасқан, ұлы дала жыршысы Жамбыл Жабаевтың өмірі мен ақындығын дәріптей отырып, білім алушылардың ақын шығармашылығына қызығушылығын арттыру, өнерлі де талантты студенттерді іріктеу, сөйлеу, оқу мәдениеттілігін дамыту болатын. Аталмыш кеш барысында ұстаздар қауымы көздеген мақсаттарына жете білді деуге болады.

Иә, қазақтың халық поэзиясының алыбы -Жамбыл Жабаевтың есімі бүгінде дүние жүзіне мәлім. Ғасыр жасап, екі заманның бірдей куәсі болған ақын өз тағдырын туған халқымен тұтастырған. Дәстүрлі қазақ жырын жаңа дәуірдің талап-тілектеріне сай орайластыра, жаңарта, жақсарта білген ақынның мерейтойы ғасырдан аса тарихы бар білім ордасында да жалғасын тауып, жоғары деңгейде аталып өтті. Игі шараға Талғар медицина колледжінің директоры Бағжан Құдабаев, ҚР Білім беру ісінің үздігі Серікбай Бейсенов, мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы сынды игі жақсылар қонақ болды. Сахна пердесі Жамбыл атындағы республикалық арнау, жыр, термелерінің жүлдегері, Қызыл-Қайрат ауылдық Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Натхан Манайұлының орындауындағы «Жиырма бес» әнімен түрілді. Алғашқы сөзді колледж директоры Жақсылық Сатылғанов алып, еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген, өзі өлсе де артына өлмейтұғын сөз қалдырған, өмірі ғасырға жалғасқан Жамбыл Жабаев атамыздың 175 жылдық мерейтойын атап өтудің маңызы зор екенін, ақын поэзиясындағы даналық қасиет, жыршылығы мен турашылдығы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі- өнеге екенін айтып, жүрекжарды жылы лебізін білдірді. Содан кейін студент жастар Жамбылдың өмірге келуінен бастап, балалық шағын, Жамбылдың Сүйінбайдан бата алуын, жастық шағынан көріністерді шебер сомдап, көрерменнің көңілінен шыға білді. Кеш барысында қыз бен жігіт айтысынан да көрініс берілді. Колледждің ұлағатты ұстаздарымен білім алушылары Жамбыл Жабаевтың сөзіне жазылған «Угәй-ай» әнін орындаса, кеш қонағы Натхан Манай ақынның «Ақындарға арнау» толғауын шарықтата шырқап берді. Жамбыл жырларына да кезек беріліп, студенттер «Менің өмірім», «Шағым »,«Әке», «Кәмшат қыз», «Өсиет», «Зілді бұйрық», «Өмір жыры», «Балама хат», «Жаратылыс сыры», « Жүз жасаған жүректен», «Отанды сүй», «Қайта келген жастық», «Ата жаумен айқастық», «Қазақстан тойына», «Ленинградтық өренім!», «Артықша туған азамат», «Аттандыру»,«Абайдың суреті», «Соғысты біз сүймейміз», «Менің пірім Сүйінбай», «Алғадай туралы әрбір ой» сынды өлеңдерін мәнеріне келтіре оқып шықты. Кешті қорытындылаған қонақтар Талғар медицина колледжінің директоры Бағжан Құдабаев, ҚР Білім беру ісінің үздігі Серікбай Бейсенов, мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры, ақын, сазгер Камнұр Тәлімұлы жыр алыбына арналған кештен зор әсер алғандықтарын жеткізіп, өнерлі жастар мен ұйымдастырушы ұстаздарға ризашылықтарын білдірді. Қастерлі Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар келген алып ақынның мерейтойы әлі де жалғасын тауып, өзінің мәні мен маңызын арттырып, асқақтала беретін болады.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»