Білікті білім жинап, кәсіп етер…
«Жұмыспен қамту, жол картасы-2020» бағдарламасы халықты жұмыспен қамту мәселелерін жедел шешу мақсатында әзірленіп, қосымша жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік, инженерлік-көліктік инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту, елді мекендерді абаттандыру бойынша инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру есебінен жұмыссыз азаматтар санының өсуіне жол бермеуге бағытталған шаралар кешені болатын. Осы бағдарлама аясында еліміздің әр аймағында кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы негізінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Бизнес бастауға ниетті жандар бір айлық оқу курсын аяқтаған соң, арнайы сертификатқа ие болады. Кәсіптеріне байланысты бизнес жобаларын арнайы құрылған комиссия мүшелерінің алдында қорғап, қайтарымсыз несие және жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алатын мүмкіндіктері бар.
Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, биылғы жылы Талғар ауданында «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 144 тұрғын білім алып, оның ішінде 135 адам сертификатқа ие болған. 14 адам 583 400 теңге көлемінде жұмыспен қамтудың жол картасы грантына ие болды. «Жол картасы» бойынша несие алуға 50-ден астам адам құжат тапсырған.
Биылғы жылдан бастап Алматы облысының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасымен өңірдегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қаржыландыруымен“Atameken Zhetysu” микроқаржы ұйымы құрылды. Ондағы мақсат — жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың, микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (оның ішінде заңды тұлғалардың) қаржы ресурстарына қол жеткізуін оңайлату және төмендетілген сыйақы мөлшерлемелері бойынша микроқаржыландыру болып табылады. МҚҰ өтініш берушілерге тиімді шарттарда 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы бойынша жобалар үшін 7 жылға дейін шағын несиелер алуға мүмкіндік береді. Несиені төлеуге 12 айға дейін жеңілдік берілген, тек бір жылдан кейін ғана 6% мөлшерлемемен төлемін жалғастырады. Айта кетелік, “Бастау Бизнес” түлегі микрокредит беруге өтінім беру үшін белгіленген нысандағы өтінішті және клиенттің сауалнамасын ұсынуы қажет. Сондай-ақ, заңды тұлғаны немесе жеке кәсіпкерлікті тіркеу туралы куәлік, өтініш берушінің жеке куәлігі, несие тарихы, банктерде және салық органдарында берешектің жоқ екені туралы анықтамалар, кепілді қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар талап етіледі. Атаулы ұйым биылға 2 млрд теңге бөлген, алғашқы несие ауылшаруашылық бағытына берілген екен. Сол жеңілдетілген несиеге қол жеткізгендердің алғашқысы біздің талғарлық кәсіпкер, 4 баланың анасы Әлимбетова Ғалия Тоқмырзақызы болды. Ол биылғы жылдың мамыр айында «Бастау-Бизнес» курсын аяқтап, сертификатын алды. Талғар аудандық «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының бағыттауымен жылқы шаруашылығымен айналысу мақсатында «Atameken Zhetysu» МҚҰ-нан «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 7 жыл мерзімге 4 238 000 теңге сомасында 6% жеңілдікпен несие алған.
Он бес жылдан бері малшаруашылығымен, оның ішінде сиыр шаруашылығының ыстық суығына әбден төселіп алған Ғалия енді жылқы шаруашылығымен айналысып көруды жөн көріпті. МҚҰ-нан алған қаржыға 7 бас аналық, 1 бас аталық жылқы малын алып, жолдасы Нұрлан Бозымбаевпен бірге кәсібін бастап кеткен. Алатау ауылдық округіне қарасты Береке ауылынан мал ұстайтын жеке шаруа қожалығын жалға алып, болашақта мал басы көбейсе, жұмыссыз халықты жұмыспен қамту жоспары бар екенін де айтты.
Алматы облыстық «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Талғар аудандық филиалының директоры Бағдат Әзімбаевпен әңгіме барысында осы мәліметтердің растығына көз жеткіздік. Ғалия Тоқмырзақызына 4 238 000 теңгенің сертификатын табыстау рәсімінің де куәсі болып қайттық. Жаңа қызметіне келгеніне үш ай ғана болған басшы, ауданымыздағы кәсіпкерлердің қарқыны жоғары, мал, ауылшаруашылығына жайлы өңір болғандықтан көпшілігі сол бағытта кәсібін бастауға ниетті екеніне көзі жеткендігін айтты. «Талғар ауданы Алматы облысындағы үлкен аудандардың бестігіне кіргендіктен, инфроқұрылым жақсы дамыған аудан болғандықтан кәсіпкерлердің жұмыстарына келтіретін кедергілер көп. Атамекеннің негізгі бағыты кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, бағыт-бағдар көрсету болып табылатындықтан ауданымыздағы кәсіпкерлердің, жергілікті атқарушы органдардың, Алматы облысы прокурорының орынбасарының және әкімшілік қызметкерлерінің қатысуымен үлкен жиын өткіздік. Алматы облыстық палатаның басшысы Ләззат Шыңғысбаева арнайы келіп қатысты. Жиында кәсіпкерлер түйінін шеше алмай жүрген түйткілді мәселелерін ортаға салды. Жергілікті атқарушы органдар өз салаларына байланысты бағыт-бағдарын айтып, кеңестерін берді. Көптеген мәселелер шешімін тауып, ал күрделі мәселелер облыстық органдарға бағытталды. Алдағы уақытта да орта және жағын кәсіп иелерін қолдауды тоқтатпаймыз, қолымыздан келгенше демеп отырамыз», — деді палата басшысы Бағдат Базыкенұлы.
«Еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» дейтін халық мақалы қазіргі дағдарыс қыспаққа алған заманда, жалқауларға қамшы боп тисе игі. Себебі, «Еңбек — ырыстың бұлағы, — бақыттың шырағы» деген бар. Мемелекет өзі қолдау білдіріп жатса, жол сілтеуші ұйымдар тұрса, екі аяқты көкке көтеріп жатудың өзі арға сын болмай ма? Олай болса, берілген мүмкіндікті пайдаланып, әрекет қылғандарға, берекетін көруді жазсын деп тілейміз.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»