«Тірегі сен Тәуелсіздік төрінің, Күш-қуаты егеменді еліңнің»

«Тірегі сен Тәуелсіздік төрінің, Күш-қуаты егеменді еліңнің»

Дәл осындай тақырыпта ауданымыздағы іргелі оқу орындарының бірі- Талғар медицина колледжінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай тәуелсіздік құрдастары бас қосқан жастар форумы өтті. Игі шараны аудандық ішкі саясат бөлімі мен «Адам және қоғам» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырып, аудандық жастар ресурстық орталығының жігерлі жастары қолдау көрсетіп, белсене атсалысты.

Биыл ата-бабамыз армандаған Тәуелсіз­дікке 30 жыл толғалы отыр. Тарих тұрғысынан алғанда отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт болғанымен ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың, қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Халқымыз үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Еліміздің тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік нышандарымыз төрімізден орын алып, ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылып, Ата заңымыз қабылданды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болып, шекарамызды да бекіткен едік. Соның нәти­же­сінде еліміздің еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз кө­терілді. Бүгінде Қазақстан әлемге әйгілі мемлекеттер қатарына қосылып, ең мықты дамыған елдермен терезесін теңестіруде. Отыз жылда аяғынан нық тұрып, қарыштай дамыған жас мемлекетіміз Тәуелсіздігін тұғырлы етер жастарға зор сенім артып келеді. Осы уақытта дүние есігін ашқан жігіттер мен қыздар қазір қазақ елінің өркендеуіне өздерінің елеулі үлестерін қосып жүрген білікті маман, бір-бір отбасының тірегі болып, өмірден өз орындарын тауып жатыр. Аталмыш игі шарада бас қосқан тәуелсіздік құрдастарының барлығы да әрбір салада абыройлы еңбек етіп жүрген білікті мамандар. Тәуелсіздік құрдасы болу, азат елімізбен бірге өсу өздеріне үлкен жауапкершілік жүктейтінін сезінген жастар форумға зор дайындықпен келген еді.

Тәуелсіздіктің төл құрдастарымен арнайы кездесуге аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы бастаған, аудан әкімінің орынбасары Оразхан Қаспақбаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Гүлжан Айтқожақова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов сынды қонақтар келді. Игі шара колледж фойесіне қойылған көрмені тамашалаудан басталды. Қонақтарды бірінші болып қарсы алған аудандық жастар ресурс­тық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова көрмені таныстыру үшін жастарға кезек берді. Ауданымыздағы жастар ресурстық орталығы­ның қызметі мен аудан жаста­рымен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы осы орталықтың маманы Мөлдір Абатайқызы стендте көрсе­тілген статистикалық сандарға сүйене отырып айтып берсе, жастар игілігі үшін бастау алған«Дипломмен ауылға» бағдарламасының ауданымызда жүзеге асуы туралы жас ұстаз Әсет Бөлеген әңгімелеп, өзінің осы бағдарлама арқылы үйлі болғанын да жеткізді. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Арсен Құрманказиев ауданымыздың мәдениет саласының өркендеуіне жастардың қосып жатқан үлесі туралы айтып, жастардың бастамасымен өткен бірқатар мәдени шаралар легін тізбектеп шықты. «Кәусәр бұлақ» қайырымдылық қорының жетекшісі Айдос Аукен болса елімізде бастау алған «Қайырымдық істер марафоны» акциясы аясында ауданымызда жүзеге асып жатқан қайырымдылық шаралары туралы сөз қозғап, аудан басшысынан игі бастамаларына қолдау сұрады. Соңғы болып сөзді Арайлым Мамбетәлі алып, «Жасыл ел» жасақшыларының жетістіктерін мақтанышпен жеткізді. Екі жыл қатар ауданымыздың табиғат жанашырлары «Үздік» атанып, облыс көлемінде марапатталып жүрсе, бұл олардың қоршаған ортаға деген сүйіспеншіліктері мен еңбекқорлығының жемісі. Қонақтарды жасыл елдіктердің атқарып отырған және болашаққа жоспарлаған жұмыстарымен таныстырған Арайлым Мамбетәлі аудан әкімі жастар жұмысына қолдау көрсетіп отырса, әлі де тынбай жұмыс жасауға әзір екендіктерін көрсетті.
Одан кейін мәжіліс залындағы дөңгелек үстел басына жиналған жастардың ортасына енген аудан әкімі Қайдар Әлиханұлы алғашқы сөз кезегін өзі алып, ауданымыздағы жастар саясатының жүзеге асуы туралы баяндамасын жасады.

-Алдымызда 16 желтоқсан – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген Тәуелсіздік мерекесі келе жатыр. Биыл ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады.Тарихқа көз жіберетін болсақ, Тәуелсіздік – 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында алаңға шыққан жастардың ерік-жігері, ең алдымен барша қазақстандықтардың арман-мұратының салтанат құруы. Тәуелсіздік құрдастары ретінде Сіздердің халқымыздың жарқын болашағы мен тұрақты дамуына өз үлестеріңізді, бар күш-жігерлеріңізді жұмсайтындарыңызға сенімдімін, — деген аудан басшысы ауданымызда 14-29 жас аралығында 50000-ға жуық жастар барын айтты. Сонымен қатар ауданымызда мемлекеттік жастар саясаты ілгері орындалып, жұмыссыздықтың алдын алу бойынша қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жыл басынан бері электрик, шаштараз, тігінші, бала күтуші мамандықтары бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен жастар қатарынан 64 адам оқытылған. Сондай -ақ 150 адам «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, 24 азамат шағын несие алып, өз кәсібін бастаған. «Жастар практикасы» жобасы аясында 86 жас түлек 51 мекемеге тәжірибе алуға жолданған.

Жас мамандарды қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 2021 жылға барлығы 34 маманға 9 млн. теңгеге көтерме жәрдемақы төленіп, 21 маманға тұрғын үй сатып алуға 91 млн. теңге жеңілдетілген несиелер берілген.
Әлемді жаулаған пандемия кезінде республикалық «Біз біргеміз» акциясына аудан еріктілері белсенді қатысып, карантин режимін сақтау мақсатында бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес ерікті жастардан «Санитарлық көмекші» тобы құрылған. Халық көп шоғырланған қоғамдық орындарға, базарларға, «Бетперде тағайық!» акциясын ұйымдастырып, 10 мың дана бетперде мен инфографикалық материалдар таратып шыққан. Аудан еріктілері «Қайырымды істер марафоны» республикалық акция аясында «Халық» қайырымдылық қорының демеушілігімен 2 мәрте 1100 жағдайы төмен отбасына азық-түлік таратып, өз белсенділіктерін танытқан.

Өз алдына егемен болған елімізді көркейтетін де, шаңырағын биіктетіп байытатын, абыройын асырып, өз бақытының иесі болуына қол жеткізіп отыратын, білім мен білік жолын таңдаған кейінгі ұрпақтар екенін айтқан Қайдар Әлиханұлы аудан жастарын жұмыла еңбек етуге шақырды. Аудан басшысынан кейін кезек тәуелсіздік құрдастарына берілді. Аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты Бақыт Күрішбеков пен Өстемір ауылындағы №14 орта мектеп директорының міндетін атқарушы Ержан Нүсіпжан болашақ тізгінін ұстаған жастарға жүктелетін міндеттің мәні мен жауапкершіліктің салмағын ортаға салып, өздері еңбек етіп отырған ортадағы атқарылып жатқан тың істер жайлы айтып берді. Өз кезегінде сөз алып, мінберге көтерілген аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Замира Қалымбетова форум шешімін ортаға салып, жастар тілегін жеткізді. Атап айтқанда, ауданымызда «Жастар» сарайын салу мәселесі, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша түлектерге бөлінетін ауылдық квотаны көбейту мүмкіндігін қарастыру, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары жанынан, жастар құрылыс отрядттарын құру, «Жастар денсаулық орталығы» жұмысын жандандыру, жаңадан құрылған жастар ҮЕҰ-на қолдау көрсету мәселелерін алға тартты. Аудан әкімі аталған мәселерді назарға алып, қолдау көрсетуге уәде етті. Жастар форумы барысында Қайдар Әлиханұлы тәуелсіздік құрдастарын «Алғыс хатымен» марапаттап, сый-сияпатын жасады. Жастармен естелік суретке түсті. «Ақ тілеудің белгісі –ақ бата» демекші, игі шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов жастарға ақ батасын берді.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»