Ел өркендеуіне үлес қосқан сәулетші

Ел өркендеуіне үлес қосқан сәулетші

Тәуелсіздік – бізге бұйырған бақыт. Тәуелсіздік халқымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманы. Атадан-балаға мирас етілген бұл мұратты қазаққа тән табандылық пен қайсарлықтың арқасында бағындырдық. Тарих толқынында талай белестерді өткеріп, тар жол тайғақ кешсек те бас көтеріп, әр қадамды нық басып келеміз.

Отыз жыл өткен уақытта егеменді ел ретінде өзімізді әлем халқына таныттық. Артта қалған үш онжылдық кезеңге бүгіннің биігінен қарайтын болсақ, еліміз үшін өте сындарлы және айтулы кезең болғаны белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміздің болашағына күмәнмен қарап, ертеңіне сенімсіздік танытқан мемлекеттер болды. Отыз жылдық тарихымыз сондай теріс пікірлердің барлығын жоққа шығарып, өзінің мемлекетшіл ұлт екендігін, мемлекеттік тарихының кем дегенде үш мыңжылдық шежіресі бар екендігін дәлелдеді. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында әр онжылдыққа қысқаша тоқталып, сипаттамалар берген еді. Мемлекет басшысы алғашқы онжылдықты еліміздің іргетасы қаланған уақытқа бөлген болатын. Міне, осы кезеңде мен облысымызға қарасты Іле ауданында қызмет істеген едім. Алғашында архитектор, одан кейін өндірістік топтың жетекшісі, кейін Іле ауданының бас сәулетшісі болып қызмет атқардым, — деп әңгімесін бастады ауданымызға белгілі сәулетші Азат Уәли еліміз өз алдына жеке отау құрып, егемендігін жариялаған уақытты еске алып.
Еркіндікке қол жеткізген жас мемлекеттің алдында жасалынатын көптеген жұмыстар тұрғаны белгілі. Ол оның ішкі сыртқы әлемі, экономикасы, ақшасы деген көптеген құндылықтарға келіп тіреледі. Аталған құндылықтарды осы отыз жылдың ішінде үлкен мақсатқа айналдырған еліміз аяғынан нық тұрып кетті. Өзінің ішкі туризмі, теңгесі, ұзын сонар қара жолдары тарамдалып, сәулеті мен сәні келіскен қалалары күн өткен сайын көркейіп, көз сүйсінте бастады. Осындай іргелі іске Азат Әубәкірұлы да өзіндік үлесін қосып, сәулет және құрылыс саласында табанды еңбек етіп келді. Облыстық құрылыс басқармасында жауапты міндеттерді атқара жүріп, Іле аудандық атқару комитетінің тұрғын үй және пәтер жөніндегі комиссиясының жауапты хатшысы, Іле аудандық сотына халық атынан қатысу мүшесі болып қоғамдық жұмыстарды да бірге еңсерді. Сондай-ақ, Іле ауданының азаматтық қорғаныс жөніндегі инженерлік қызметінің басшысы қызметін де атқарды. Тәуелсіздік алған жылдары аудан, ауылдарды көтеруге атсалысып, Іле ауданына қарасты Дмитриевка, Жаңа-Дәуір, Жаңа-Талап, Николаевка, Бірінші май елдімекендерінің жобалау жоспарына қатысып, оны іс-жүзіне асыруға үлкен үлесін қосты. Алматы облыстық «Тұрғын үй-91» мемлекеттік бағдарламасына да белсене, Шелек ауданының Нұрлы ауылында салынатын тұрғын үйлердің жобасын жасаумен айналысқан топтың ішінде болып, көп еңбек етті.

Азат Әубәкірұлы 1988-1992 жылдары аралығында Іле ауданында аудандық сауда басқармасының жөндеу құрылыс мекемесінің басшысы болып қызмет етті. Сол кездері аудандық Кеңестің басшысы болған Б.Баймұханов оның еңбегін жоғары бағалап, Іле ауданында жаңадан ашылып жатқан жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығының бастығы лауазымына тағайындайды. Жаңа мекемеде халыққа қызмет көрсету жолының жаңа бағытын Азат ағамыз тез игеріп әкетіп, жұмысы оң нәтиже береді. Осы тындырымды тірлігі үшін облыстық басқармалардан «Алғыс хаттар» алып мерейлері тасиды. 1997 жылы Талғар қаласына қоныс аударып, Талғардағы аудандық жылжымайтын мүлікті тіркеу орталығы басшысының орынбасары болып қызметін ауыстырған Азат Әубәкірұлы осы қызметті он үш атқарады. Үлкен ұжымды басқарып, жастарды білімділік пен біліктілікке тәрбиелеп, аудан хылқына адал қызмет етіп, ел еңсесін көтеруге барынша атсалысады.

– Сол жылдары мүлікті тіркеу құқықтарының жаңадан еніп, өзгерген шарттары халыққа уақытылы түсіндіріліп отырды. Аудандық газет- журналдар арқылы орталықта болған өзгерістерді, іс-әрекеттің жобалауын, оның іс жүзінде орындалуы туралы түсініктемелер беріліп тұрды. Бұл уақыттарда еліміздің әлі қабырғасы қатаймаған шақ болатын. Халықтың да әл-ауқаты жақсара қоймаған. Күнделікті өзгеріп отырған заңдар мен шешімдерді халыққа жеткізіп, оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізу, қолдау көрсету біздердің парызымыз болды. Осы міндетімізді дұрыс атқара білгендігіміздің арқасында бүгінде барлық құжат әзірлеу ісі оң жолға қойылып, электронды форматқа көшті, — деді сөз арасында Азат Әубәкірұлы.

Тәуелсіздігімізді тұғырлы ету жолындағы қиын күндерді еңсеріп, екінші онжылдықты артқа тастар уақытта, 2010 жылы Азат Уәли аудан әкімінің ұсынысымен Талғар аудандық сәулет және қала құрылысы мекемесінің директоры болып тағайындалады. Ауданымыздың сәулет саласындағы түрлі мәселелерді шешу ісіне бірден кіріседі. Жобалау, іс қағаздарын оңды жүргізу, тапсырыстарды уақытылы орындау, халықтың мұң- мұқтажын тыңдап, мәселелерді оң шешу жұмыстарын қадағалап ретке келтіру міндетін тиянақты атқарды. Бұл еңбек жолында да жақсы нәтижеге жетті. Көптеген ірілі-ұсақты маңызды жобалардың авторы болып, ауданымыздың көркеюіне өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Атап айтқанда, «Байсерке-Агрода» салынған сүт комбинатының, ауданымызда салынған көптеген дүкендер мен кафе, автосервистік орталық, көлік жуу орталықтары мен жеке тұрғын үйлердің жобаларының авторы ретінде еңбегі бағаланып келеді. Сонымен қатар, Талғар қаласына кіре берістегі негізгі арка мен қаланың төменгі жағындағы жол бойындағы стелланың да, ауданымыздың құрметті азаматтарының кеудесінде жарқырап тұрған төсбелгінің де авторы Азат Әубәкірұлы.

Осындай игілікті істерімен елімізге абыройлы болған азамат тек мемлекеттік қызметте ғана емес ауданымыздың қоғамдық өмірінде де өзіндік орнын алып, үш шақырылымда аудандық мәслихатқа депутат болып сайланып, аудандық «Nur Otan» партиясының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жайындағы кеңесінің мүшесі болып тағайындалып, ауданымызда жемқорлық пен сыбайластыққа жол бермеу мақсатында көптеген игі шаралар өткізіп, тексеру жұмыстарын жүргізген. Бірнеше мәрте аудандық мәслихаттың жер, сәулет мәселелері бойынша тұрақты комиссиясының мүшесі, төрағасы болып сайланып, аудан әкімдігінің тұрғын үй, пәтер беру жөніндегі комиссиясы мен аудандағы жер қатынасы жөніндегі комиссияға да мүшелік етті.

– Халық қалаулысы ретінде осындай маңызды мәселелерге араласа жүріп мәслихаттың мәртебесін арттырып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесімізді қостық. Ел еңсесін тіктеген отыз жылда ауданымыз көркейіп, ауыз су, жарық, жол, байланыс мәселелері оң шешіліп, көшелерді жарықтандыру, көгілдір отын жүргізу жұмыстары да қарқын алды. Ауданымызда жаңа білім ошақтары мен денсаулық сақтау нысандары, әлеуметтік маңызы бар нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, ескі ғимараттар жөндеуден өтіп, аудан бюджеті жылдан-жылға еселеп өсіп келеді. Осының барлығы халыққа қызмет етіп жүрген азаматтардың еселі еңбегі мен табанды тірлігінің арқасында, — дейді бас сәулетші.

Бүгінде зейнет жасына жетсе де халықтың қамын ойлап, өз саласына қатысты көмек сұрай келген азаматтарға жол көрсетіп, жеке кәсібінің тізгінін ұстап келе жатқан Азат Әубәкірұлы тағылымды өмір өткелдерінен өтіп, ұзақ жылғы еңбек тәжірибесіне ие болды. Өз ісінің білікті маманы, жетекші басшы ретінде абырой биігінен көрінді. Бойындағы іскерлік қасиеті, қиналған жанға көмек берер жомарттығы, үлкен-кішіге деген құрметі оның ел алдындағы беделін асырып, биіктете түсті. Ауданымызда еңбек еткен жылдары ел ықыласына бөленіп, ауданымыздың «Құрметті азаматы» атанды. Қазақстан Сәулетшілер Одағының мүшесі болып, «СССР Азаматтық қорғаныс үздігі» төсбелгісімен, ҚР Мәслихатына 20 жыл, 25 жыл медальдарымен, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық медалімен марапатталды. «Қазақстан даңқы» ордені мен қайырымдылығы үшін «Сауап» және генерал Сабыр Рахимовтың медалін кеудесіне жарқырата қадады. Одан басқа да көптеген марапаттары атпал азаматтың елі мен жерінің өсіп өркендеуіне қосқан еселі еңбегінің жемісі. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болып, ел экономикасы мен әлеуетінің дамуына осындай табынды еңбек иесінің де қосқан үлесі аз емес деп айта аламыз.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»