Балаларға қамқорлық жасау, баланың абыройы мен құқықтарын құрметтеу, болашағына бей-жай қарамау –бұл тек мемлекеттің ғана емес, сонымен қатар жекелеген әрбір адамның міндеті десек артық айтқандығымыз емес. Сондықтан да болар балалар құқығын қорғау – еліміздің асыл құндылықтарының және басты талаптарының бірі.
Өскелең ұрпақтың дұрыс тәрбие алып, қоғамда белгілі бір маман иесі болу жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан №39 жалпы білім беретін орта мектепте осы мазмұнда тәрбиелік шаралар, ашық сабақтар, кездесулер жиі өткізіліп тұрады. «Қатігездік пен зорлық-зомбылықсыз балалақ шақ» тақырыбында өткен іс-шара да солардың легін жалғады. Іс-шара барысында 5-11 сынып оқушыларына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Шараны ұйымдастырған ұстаздар адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау – конституциялық заңдылықтың басты талабы екендігін жан-жақты түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, Қазақстанда салауатты өмір салтына қол жеткізуде, денсаулықты сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес екендігін айта кетті. Әр баланың болашағына жауапкершілікпен қарайтын ұстаздар тәрбиеге әсер беретін ата-ананы тыңдау, достарды дұрыс таңдау түрлі жаман әдеттерден алшақтататынын да айтып өтті.
Сонымен қатар, оқушылардың құқықтары мен міндеттері, мектепішілік тәртіп пен қоғамдық орындарда жүру ережелері таныстырылды. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген әл-Фарабидің ұлы сөзін басшылыққа ала жұмыс істейтін білім мекемесі мұндай шараларды әлі де жалғастыра бермек.
Меруерт Мәулет,
«Талғар»