Өнер арқылы алғыс айтты

Өнер арқылы алғыс айтты

Аудандық Мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік — ел тұғыры» атты концерт өтті. Ауданымыздағы халықтық атағы бар ұжымдардың қатысуымен өткен кеш патриоттық рухта жазылған өлең жолдарымен ашылды.

Жерлес ақынымыз М.Жанәділовтің сөзіне жазылған «Талғарым» әнін әуелете шыр­қаған «Әжелер шуағы» ансамблі Ақан серінің «Балқадишасын» да жүректерге жеткізе айтып шықты. Ал «Ардагерлер хорының» орындауындағы «Песня о родном крае», «Не грусти Калина» әндері де тыңдарманның көңілінен шығып жатты. Айгүл Андасбаева жетекшілік ететін «Айгүл» би ансамблі «Татар биін» ұсынды. Халықтық М.Бөрібаев атындағы «Алатау аясында» ансамблі Н.Тілендиевтің «Әлқиссасын» шерткенде көрермендердің де делебесі қозып, рухтары атойлап шыға келгендей сезілді. Қазаққа қазақтығын танытқан қара домбыраның құдіретіне қалай қайран қалмассыз… Ауданымызға танымал Гүлина Дәлелқан, Кәмила Рахымберген, Айдос Балғабек, Жомарт Құлбарақов, Ерболат Нұрсұлтан, Гүлзира Шаяхметова, Жадыра Нұрмамбетова сынды талантты әншілер шырқаған туындылар жүректен жүрекке жетіп жатты. «Қуыршақ» театрының жетекшісі Әділхан Қабылов мен әртісі Гүлзира Қуандыққызы ұсынған «Думан басталады» атты ән шашуы іс-шарының көрігін қыздыра түсті.

Тәуелсіздік мерекесінің орны ерекше. Қанымен қара тасқа қашалып, ғасырлар бойғы арман-тілекті бойына сіңіріп, сағым жылдардың елесін арқалап, асыға жеткен арманымыз ғой бұл. Дала төсінде тербеліп тұрар Тәуелсіздік бесігі шартараптағы сағыныштарды біріктірері сөзсіз. Тәуелсіздік жолында шейіт болған боздақтарымызға бүгінгі ұрпақ тарапынан тағзым етеміз. Атылмыш шараның ұйымдастырылу мақсаты да осы өнер арқылы сол жандарға алғыс айту, — дейді Мәдениет үйінің директоры Кеңесбек Баймұханов.

Меруерт Мәулет,
«Талғар»