Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы халыққа үндеуінде ауыл әкімдерін сайлау уақыт талабы екеніне мән беріп, бұл саяси реформаны кейінге қалдыруға болмайтынын, Қазақстан демократиялық құндылықтарды орнату мақсатында 2024 жылдан бастап аудан әкімдерін тікелей халық сайлайтын жүйеге көшу қажеттігіне тоқталған болатын. Араға аз уақыт салып, Президент бастамасымен 2021 жылдың мамыр айында барлық заңнамалық актілерді еліміздің Парламенті қабылдады. Мемлекетімізде ауыл әкімдерін сайлау үшін қажетті фундамент қаланды.
Осы реформа негізінде ауданымыздағы бірнеше ауылдық округ әкімдері де халықтың таңдауы бойынша сайланып, бүгінгі күні сол өңірдің әл-ауқатын жақсартуда еңбек етуде. Солардың бірі – Панфилов ауылдық округінің әкімі болып сайланған Шалов Серік Тоқсейітұлы.
Серік Тоқсейітұлы — біраз жыл Қазақстан Қарулы Күштерінде бел жазбай еңбек етіп, қазір зейнетке шыққан. Полковник те болып, департамент те басқарған. Зейнетке шыққаннан кейін, туған ауылдың түтінін аңсап, туған өлкесі Райымбек ауданына қарасты Қайнар ауылына әкім болып, елге қызмет етеді.
Ол жақтағы міндетін абыроймен атқарып, ел ықыласына бөленген Серік Тоқсейітұлының жасаған жақсылықтары бүгінде ел аузында. Шекараның шебіндегі шалғай ауылға басшылық етіп, темірдей тәртіп орната білді. Болашағынан үміт күттіретін өскелең ұрпақтың қамы үшін заманауи үлгідегі жаттығу залын ашып, нәтижелі білім алуларына баса көңіл бөлді.
Ал, биылғы жылдың 25- шілдесінен бастап халықтың қалауымен Талғар ауданына қарасты Панфилов ауылдық округінің әкімі қызметіне тағайындалды. Еліміздің қай түкпірінде жүрсе де бөле -жара қарамайтын іскер азамат бұл өңірдің де тыныс-тіршілігіне білек сыбана кірісіп кетті. Жаңа өңірдегі жаңа қызметке кіріскелі үш айдан асса да, біраз шаруаның басын қайырған әкім жұмыс барысын байыппен баяндады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында, «Жол картасы -2020» жобасының негізінде Қызыл Ту, Арқабай елді мекендерінде бүлдіршіндер алаңы мен жасөспірімдерге арналған спорттық алаңдары жұмыстарының басталып, өзі жіті бақылауына алғанын айырықша атап өтті. Сонымен қатар «Округ орталығында, ешбір ауылда да бірде-бір Мәдениет үйінің жоқтығы жанды ауыртады. Панфилов ауылындағы жекеменшікке өтіп кеткеніне жарты ғасырға жуықтаған мәдениет үйі ғимаратын мемлекетке қайтарып, қайтадан мәдениет ошағын маздату мақсатында біраз шаруаның басы қайырылды. 29 млн. теңгеге бағаланған атаулы ғимараттың 28 млн. теңгесі төленіп құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы уақытта күрделі жөндеуден өткізіп қалыпқа келтіру үшін бюджеттен қаржы бөлініп, бой көтеруіне бар күшімді салатын боламын» — деді іскер әкім.
Сондай -ақ күрмеулі мәселе болып тұрған қазақ, орыс зиратының, су, газ, жарық мәселелерін оңынан шешіп, халық арасындағы ауызбіршілікті қалыпқа келтірді. Қарабұлақ елді мекеніндегі қабірстанның айналасындағы жеке компанияға тиеселі жер телімдерінің иелері ауылының батыс жағынан 11 га жер телімін тегін беруіне ықпалдасты. Қызыл Тудағы екі жердегі қабірстан маңындағы жер телімдері тиесілі компания өкілдерімен келіссөз жүргізуде екен.
Одан бөлек көшедегі жабайы сауда-саттық жұмыстарына шектеу қойып, кәсіптерін заң аясында бекітіп, мемлекеттік салық төлеуді міндеттеді. Осы күнде жол жиегіндегі көз сүрінетін жабайы сауда жойылған.
Естеріңізге сала кетсек, жуырда облыс басшысы Амандық Баталов жаңадан сайланған ауылдық округ әкімдерімен кездесу өткізген болатын. Сол жиынға Талғар аудандық мәслихаттың хатшысы Мұхит Әлібеков, «Nur Otan» партиясының Талғар аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары бақыт Күрішбеков және Панфилов ауылдық округінің әкімі Серік Шалов, Бесқайнар ауылдық округінің әкімі Арман Жабаев арнайы барды.
Жаңа лауазымға ие болған округ әкімдерін сайлануларымен құттықтаған облыс әкімі бірқатар міндет-мақсатқа тоқталды. Сонымен қатар ол аймақтарда су, жол, үш ауысымды мектеп, басқа да өзекті мәселелер көтеріліп жататынын айта келе, жаңа әкімдерге сол түйіткілді мәселлердің әрқайсысын жіті зерделеп, мән-жайдан хабардар болып, шешімін қарастыруды тапсырды.
Әскери салада біраз жыл еңбек етіп, тәртіп пен табандылыққа төселген маман: «71,9% дауыс жинап, ел үмітін арқалап әкімдік қызметке кірістім. Әскери адам ретінде нәтижеге жұмыс істеуге бар күш-жігерімді жұмсаймын. Қазір сайлауалды бағдарламаны орындауға, халықтың талап-тілегін іске асыруға өңірдегі ақсақалдар кеңесі, қоғамдық кеңес сияқты қоғамдық ұйымдармен бірлесіп кірісіп жатырмын. Елдің сенімін ақтап, көптің игілігіне қызмет етемін, — деп көпшіліктің алдында сөз сөйлеген болатын.
Қызыл Ту ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Дариға Иманбаевамен пікірлесе келе, өнірдегі өзгерістер жайлы сұрадық. «Түйіні шешілмей келген түйткілді мәселелердің шешімін таба білетін, халықтың мүддесін биік қоятын білікті басшының біздің өлкеге бұйырғанына қуанамыз. Бұрынғы басшылар мен салыстырғанда оң нәтиже өте көп. Ең бастысы халықтың пікірімен санасып, соған орай шешім қабылдап, етене жұмыс істей білетін азамат. Ең бірінші ауылдық округтегі тәртіпті қадағалап, көптеген заң бұзушылықтардың алдын алды. Сайлауалды бағдарламада көрсеткен бағыттарын берік ұстанып, сол мақсатта өз жұмысын мінсіз атқарып келе жатыр деп айта аламын,- деп жаңа басшының алдағы уақытта өз міндетін мінсіз атқаратынына сенім білдірді.
«Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы атқандай, темірдей тәртіпті ту етіп ұстанған Серік Тоқсейітұлының бұл ұстанымы әскери салада еңбек еткен тәжірибесінен болар деп топшыладық. «Әннің жақсы болуы мәтінінен, елдің жақсы болуы әкімінен» демекші аз уақыттың ішінде халықтың қалаулысына айналып үлгерген жаңа басшының жұмыстарына біздің де көңіліміз толды. Еңбегіңіз еленіп, халықтың ықыласына бөлене беріңіз деген ниетіміз де бар.
Айнаш Әлдибек,
«Талғар»