Бірінші орынбасар «Жол картасын» бақылады

Бірінші орынбасар   «Жол картасын» бақылады

Жуырда «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Алматы облысына іс-сапармен келген болатын. Саяси кеңестің кеңейтілген отырысы қарсаңында партияның сайлауалды уәделерінің облысымызда орындалуын бақылау мақсатында өңірімізге атбасын бұрған бірінші орынбасарды облыстық «Nur Otan» партиясының төрағасы, облыс әкімі Амандық Баталов өзі қарсы алды. Елбасымыз, партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев орынбасарына еліміздің әр облысы мен қалалары, аудандарындағы 217 Жол картасының жүзеге асу барысын бақылауды тапсырған екен. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Сайлауалды бағдарламасы аясында облысымызда 757 мың шаршы метр тұрғын үй, 12 мектеп пайдалануға беріліп, 538 км жол салынып, жөндеуден өткен. 27 мың тұрақты жұмыс орны ашылып, партияның «Жол картасы» жоспары 27 пайызға орындалған.

Облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы «Партияның азаматтарды ауылдық жерлерде тұрғын үймен қамтамасыз ету» мақсатындағы сайлауалды бағдарлама аясында бақылау тобын облысымызға қарасты Қарасай ауданының Әйтей ауылындағы «Өмірұзақ» тұрғын үй кешенін аралатып, биыл салынған 200 пәтерлік 50 көпқабатты үйлерді көрсетті. Жақын күндері құрылысы аяқталған үйлердің бір бөлігі кезекте тұрған аудан тұрғындарына, оның ішінде «көпбалалы отбасы» санатындағыларға үлестірілетінін айтты. Партия төрағасының орынбасары Бауыржан Байбек еліміз бойынша 5 жылда 1 миллиондай қазақстандыққа, оның ішінде 284 мың аз қамтылған отбасыға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балаларға арнап 103 млн. шаршы метр тұрғын үй салынатынын жеткізді. Бұл үшін мемлекет шығындарды субсидиялау арқылы кәсіпкерлердің ауылда жалдамалы тұрғын үй салуын ынталандыратын болады. Сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары үшін жеңілдетілген несие бөлу көзделген. Жыл соңына дейін 4,5 мың жас маман осы бағдарлама аясында несие алатынын да тілге тиек етті.

Келесі кезекте партия Төрағасының бірінші орынбасары Жамбыл ауданына қарасты Сарыбай би ауылында «Nur Otan» партиясының бағдарламасына сәйкес салынған жаңа дәрігерлік амбулаторияның тыныс-тіршілігімен танысты.
Бұл келелі кездесуге Талғар аудандық «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бақыт Күрішбеков те қатысып, жиылған қауым алдында сөз сөйлеп, партияластарының аудан көлемінде атқарып жатқан істері туралы баяндаған болатын. Өз сөзін Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойы төңірегінде өрбіткен Бақыт Қуатбекұлы жастардың қоғамдағы рөлі туралы да айтып өтті. Ауданымызда Елбасының тапсырмасына сай партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру үшін Жол картасы әзірленіп, бұл құжаттың «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген барлық бағыттарды іске асыру жөніндегі нақты қадамдарды қамтығанын жеткізді. Сайлауалды бағдарламада 14 индикаторлардан тұратын 347 іс-шаралар қарастырылып, үстіміздегі жылдың басынан-аяғына дейін аталмыш іс-шараның 63-ін толығымен орындау жоспарланғанын айтты. Осы сайлауалды бағдарламада көрсетілген іс-шаралар легін бақылап, олардың жүзеге асуын қадағалау мақсатында арнайы аудандық мәслихат депутаттары мен фракция мүшелері бекітіліп, жоспарланған 4 фракция отырысынан бөлек кезектен тыс «Сайлауалды бағдарламаның орындалу барысын бақылау» тақырыбында 5 фракция отырысы өтіп, онда 7 ұсыныс берілгендігі жайлы тілге тиек етті. Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарының іске асырылуын бақылау мақсатында ауданымызда 9 қоғамдық кеңес құрылып, кеңес мүшелері қатарына ауданымыздағы партия мен қоғам белсенділері және әр сала бойынша білікті мамандар топтастырылғандығын тілге тиек етті. Қоғамдық кеңестер партиямыздың сайлауалды бағдарламасының әр салалық іс-шараларын бақылау мақсатында 32 ашық отырыс өткізгендігін алға тартты. Жалпы сайлауалды бағдарламаның орындалуына 237,3 млрд теңге қаражат қажет болса, оның ішінде 2021 жылға – 7,2 млрд теңге мемлекеттік бюджеттен және 8,1 млрд жеке инвестициялар қарастырылған. Алматы облысының әкімі, облыстық партия төрағасы Амандық Баталовтың қолдауымен Талғар аудандық «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасындағы көрсетілген барлық іс-шаралар оңтайлы шешімін тауып жатқанын айтқан Бақыт Қуатбекұлы облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асқан бірқатар игі істер легін тізбектей жеткізді. Атап айтқанда, Талғар қаласындағы көпқабатты үйлерге орталықтандырылған қазандықтар орнатылып, аулалары абаттандырылды. Балалар және спорт алаңдары салынған. Ауданымыздың су мәселесі қолға алынып, 9 шақырым топтық су желісі тартылған. Ауданымыздағы Жаңа ықшамаудандардың 121 шақырым жолы жөндеуден өтіп, 136 көшесі жарықтандырылған. Қаламызда партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған 9 қабатты 10 үйдің құрылысы басталған. Қаламызда «BI Group»мердігер компаниясы үш ауысымды мектептерді болдырмау мақсатында 1200 орындық зәулім мектеп құрылысын аяқтауға жақын қалғанын айтқан болатын. Осындай игі істермен ел сенімін ақтап, абыройы артып жатқан партиямыз халық аманаттарын орындайтын, нақты істерпартиясы екеніне тағы да көзіміз жеткендей болды.

Перизат Нұрқаева,
«Талғар»